Денсаулық сақтауды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасын өзектендіру аясында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен облыс әкімдерінің баяндамаларын тыңдаған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев денсаулық сақтаудың өзекті мәселелері бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Баяндалған ақпаратқа сәйкес, көптеген көрсеткіштер бойынша (сәбилер өлім-жітімінің, қантамыр жүйелері,обыр мен туберкулез ауруларынан өлім-жітімнің азаюы) денсаулық сақтау сапасының артуы байқалып отыр. Дегенмен, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев облыс әкімдерінің бағдарламаның бекітілген көрсеткіштерін уақытылы орындауына назар аудартты.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдердің ұсыныстарын қарастырып, мемлекеттік бағдарлама аясындағы жұмыстарды одан әрі белсендіру үшін қосымша тетіктерді пысықтау тапсырылды.
Сонымен қатар министрлікке дәрі-дәрмектермен, медициналық бұйымдармен, кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жұмыстарды жүйелеу, сондай-ақ денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық жай-күйі мен заманауи медициналық жабдықтармен жарақтау мәселелерін шешу тапсырылды.
Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту, медициналық техникамен жабдықтау бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін белсене пайдалану қажет.
Денсаулық сақтау, білім және ғылым министрліктеріне облыс әкімдіктерімен бірлесіп емханалар мен ауруханаларды әсіресе, шағын маманданған дәрігерлік кадрлармен жинақтау мен оқыту, олардың біліктілігін арттыру, оларды әлеуметтік қолдаумен қамту бойынша іс-шаралар қабылдау тапсырылды.