Азат Перуашев бастаған Республикалық штаб өкілдері Қостанай облысына барды

«Ақ жол» демпартиясының сайлауалды штабы ел аумағы бойынша халықпен және еңбек ұжымдарымен кездесулерін белсенді түрде жалғастыруда. 700-ден астам партия кандидаттары қала, облыс, аудандар мен шалғай ауылдарда кездесулер өткізуде. Бүгін «Ақ жол» республикалық штабының мүшелері Қостанай қаласына келді. Партия лидері Азат Перуашев, «Ақ жол» ҚДП Қостанай облыстық филиалының төрағасы Махаббат Жұтаев және Мәжіліс пен жергілікті мәслихат депутаттығына кандидаттар «Beef Export Group» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Кәсіпорын етті қайта өңдеу, консервілеу және сатумен айналысады. Сайлау штабының мүшелері кәсіпорынның жұмысымен, өнімдерімен танысты.

Жиын барысында партия төрағасы «Ақ жол» демпартиясы жұмыс істеп жатқан алты негізгі бағыттарын атады. Тәуелсіздік және «Алаш» ұлттық идеясы, демократия және парламентаризм, жемқорлықпен күрес және де-офшоризациямен күрес, әлеуметтік әділеттілік, нарықтық экономика және кәсіпкерлікті қолдау, сыртқы саясат. Партия басшысы демократия және парламентаризм тақырыбына, мемлекеттік бюджетті бекіту мен бақылаудағы Парламенттің өкілеттігін күшейту, шетелдік инвесторлармен келісім-шарттарды қайта қарау мәселелеріне жан-жақты тоқталды.

– «Әділеттілік адам құқығына ғана қатысты емес, сонымен қатар, әлеуметтік салада да, экономикада да әділдік болуы керек, мысалы, әділ салық салу. «Ақ жол» демпартиясы салық, инвестициялық, қаржылық заңнаманы жетілдіру бойынша тоқтаусыз жұмыс істеуде», — деді А. Перуашев.

Сонымен қатар, қызметкерлерді зейнет жасы, ипотекалық несиелеу, жеке тұлғалардың банкроттығы мәселелері қызықтырды.

Партия көшбасшысы 3 наурызда «Ақ жол» демпартиясы 8 жылдан бері талап етіп келген жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның күшіне енгенін еске салды. Президент Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасынан кейін ғана іс алға жылжыды.
Кездесу ашық әрі еркін пікіралмасу түрінде өтті.

– «Азат Тұрлыбекұлы, келгеніңізге рахмет. Біздің еңбек ұжымы «Ақ жол» партиясының саясатын толықтай қолдайды. Сізбен танысқан кезде біздің компания дағдарысты жағдайда болды. Сізге алғысым шексіз, өйткені сіз ештеңеге қарамастан біздің мәселемізге тереңірек үңіліп, әділдік үшін табандылық таныттыңыз. Соның арқасында осы кәсіпорынның құрылысын аяқтадық. 2020 жылы Beefstream компаниясының есепшоттары бұғатталғандықтан, 50 адам жұмыссыз қалды. Бірақ осы компанияны салып, мұнда адамдарды жартылай жұмыспен қамтыдық. Ол болмаса, біз бұл жерде тұрмас едік. Қанша қылмыстық іс қозғалғанын, қанша қысым жасалғанын білсеңіз ғой. Бірақ сіздің қолдауыңыздың арқасында біз қазір жұмысты жалғастырудамыз. Алда талай істер күтіп тұр деп ойлаймын. Сондықтан, біздің еңбек ұжымы партия идеясын, партия саясатын толық қолдайды және «Ақ жол» партиясының қатарына қосылуды қалайды, – дейді серіктестік басшысы Александр Пархоменко.

Азат Перуашев ет комбинатының ұжымына алғыс білдіріп, баға тұрақтылығын қамтамасыз етіп отырған салаларды атады. Компанияның бірнеше қызметкеріне «Ақ жол» демократиялық партиясының партбилеттері табысталды.

Сол күні «ақжолдықтар» «Тэрра» компаниясының көкөніс қоймасы және «АБЗ Плюс» ЖШ-нің де еңбек ұжымдарымен кездесті.

Азат Перуашев партияның саяси бағдарламасын таныстырып, басым бағыттарын жан-жақты түсіндіріп берді. «Ақ жол» демпартиясының экономиканы либерализациялауға қатысты ұсыныстарына айрықша тоқталды.

«Біздің партия 2011 жылдан бастап салалық салық мөлшерлемелеріне көшуді ұсынып келеді. Себебі, бізде азық-түлік пен киім-кешек өндірушілері мұнай, газ, металдарымызды экспорттаушы, өзгенің тауарын импорттаушы ірі компаниялармен бірдей ҚҚС төлейді. Ал, барлық кәсіпкерлер мен халық берешек болып отырған банктер ҚҚС-тан мүлдем босатылған.
Осы орайда, Еуропада және басқа да дамыған елдерде (ЭЫДҰ) сараланған салық ставкалары бұрыннан бар, әлеуметтік және маңызды сала кәсіпкерлері салықты аз төлейді. Мысалы, ауыл шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, азық-түлік өндірісі, дәрі-дәрмек, балалар өнімдері. Бірақ, 2011 жылдан бері сараланған салық мөлшерлемелерін енгізу туралы көптеген ұсыныстарымызға үкімет «бұл адал бәсекелестік қағидатын бұзу» деп жауап беріп келді. Кім арасындағы бәсеке? Бай мен кедей арасындағы ма? Мұнай компаниясы мен шұжық цехының арасындағы ма? Бұл бәсеке емес, тоналу», — деді Азат Перуашев.

Еске салайық, 2022 жылы Қ.Тоқаевтың тапсырмасынан кейін Салық кодексі әзірлене бастады, онда президент салалық салық мөлшерлемелеріне көшуді тапсырған болатын.

Сонымен қатар, Парламенттік Республиканың ерекшеліктері, Үкіметтің есеп беру принципін жүзеге асыру, заңнамаға «шыққан дерегі белгісіз байлық» ұғымын енгізу, үкімет мүшелерінің, әкімдердің, ұлттық компания басшыларының оффшорлық банк шоттарына қатысты банктік құпияны жою мәселелері талқыланды.

Партия төрағасы «Ақ жол» әрқашан отандық тауар өндірушілерді қолдап, қарапайым азаматтарды қорғайтынын атап өтті. Мысал ретінде ол жеке тұлғалардың банкроттығын енгізуге қатысты партия мен Ұлттық банк арасындағы 8 жылға созылған тартыс жайлы айтып берді.

Мұнан соң, «Ақ жол» демпартиясының кандидаттары «АБЗ плюс» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Бірнеше жыл бұрын «Ақ жол» демпартиясы кәсіпорынды банкроттықтан сақтап қалған болатын. Салық органдары кәсіпорынға 3,5 миллиард теңге айыппұл салғаннан соң, «Ақ жол» партиясының төрағасы Бас прокурорға, Жоғарғы сотқа және Үкіметке сауал жолдаған болатын. «Ақ жол» демпартиясы салық айыппұлының қате есептелгенін дәлелдеп, жұмыс орындарын сақтап, кәсіпорынды қорғап қала алды. Бұл туралы компания директоры Николай Лобановтың өзі айтып, «Ақ жол» партиясына алғыс білдірді.
Партиялық бағдарлама таныстырылғаннан кейін кәсіпорын қызметкерлері еркін әңгіме барысында ипотекалық несиелеу, зейнет жасын төмендету, зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмысшылардың 1 және 2 тізімдерін қайтару, жалақыны көтеруге қатысты сұрақтарын қойды.

«Мұғалімдер мен дәрігерлердің, бюджеттік және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы үнемі көтеріледі, ал біз секілді көшеде жұмыс істейтін қарапайым жұмысшылар мүлдем ескерілмейді. Осы мәселені Үкімет алдында көтере аласыз ба?», — деп өтініш білдірді кәсіпорын қызметкерлерінің бірі.

Кәсіпорын басшысы Николай Лобановтың айтуынша, биылғы жылға дейін көшелерді қардан тазарту бойынша мемлекеттік сатып алуда бір қызметкерге сағатына 700 теңге тариф бекітілген, бұл шын мәнінде жеткіліксіз және 80-90 мың аралығындағы жалақы содан қалыптасады, ал жол саласындағы жұмысшылардың еңбегі өте ауыр.

«Ақ жол» демпартиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың екі шақырылымының депутаты болған Махабат Жұтаев таяуда ғана тариф қайта қаралып, 1400 теңгеге дейін көтерілгенін атап өтті.

Сондай-ақ, тұрғын үй мен оның жалға алу бағасының қымбаттауына, жастарға қолжетімді баспананың жоқтығына қатысты шағымдар айтылды.

«Ақ жол» демпартиясы алдағы уақытта да Парламентте жүйелі проблемаларды Үкімет алдында көтеретін болады», — деп сендірді республикалық штаб мүшелері.

Материалдың ақысы «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлау қорынан төленді.

https://adyrna.kz/post/149389

Comments (0)
Add Comment