Аймақта Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен күрес жөніндегі арнайы топ құрылды

Жамбыл облысында аймақ тұрғындарын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан қорғауға бағытталған жұмыс тобы құрылды, – деп хабарлайды «08info» ақпарат агенттігі. 

Аталмыш жұмыс облыс әкімінің қаулысымен бекітілген «Конго Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында қоныстанған Сарысу, Талас, Мойынқұм, Байзақ, Жамбыл аудандары мен Тараз қаласының тұрғындарын қорғау жөніндегі 2018 жылға арналған бірінші кезектегі шаралары туралы» кешенді жоспарына сәйкес қолға алынған.

Топ құрамына Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің, Облыстық ветеринария басқармасының және Жамбыл обаға қарсы күрес станциясының мамандары енген.

Топ мүшелері жоғарыда аталған қызба тарау қаупі жоғары аудандарда қызбаға қарсы іс-шаралардың орындалуын және олардың жұмыстарының сапасын қадағалайтын болады.

Бүгінгі таңда аталмыш шаралар Мойынқұм ауданында атқарылуда. Оның аясында тұрғындармен басқосулар ұйымдастырылып, санитарлық-ақпараттық жұмыстар жүргізілуде.

Comments (0)
Add Comment