ӘЙЕЛІҢНІҢ ҚАДІРІН БІЛ……..

Жігіттің басындағы бүтін бақтың жартысы әйелінікі. Себебі олар екі жарты бір бүтін болып қосылды.
Шебер Алла, құдайдың разылығы үшін жанұя құрған пенделерінің ризығын арттырып қояды. Оны атам қазақ:”Бас екеу болмай, мал екеу болмайды”-дейді.
Еркек тоқшылықта, әйел жоқшылықта сыналады. Жоқшылықты көп әйел көтере алады, ер азаматының жанына жалау бола алады.
Ал тоқшылықты көп еркек көтере алмайды. Есіріп кетеді. Әйеліне деген қамқорлығын ұмытады. Содан басынан бақ таяды. Ісінен жүйе, өмірінен береке кетеді. Тапқаны құралмайды. Тығырықтан шыға алмайды.
Себебі ол басындағы бүтін бағының жартысынан айрылды. Бір аяғы жоқ адам, екі аяғы бүтін адамдай қайдан болсын? Адам басындағы бақты қонғанда емес, басынан пыр-пырлап ұшқанда біледі.
Кеше, заманында өте үлкен шенеунік болған ағамызды көріп қалдым. Бәйгеге жараған аттай сымбатты кісі еді. Әркез үстіндегі жейдесі аспандағы ақ бұлттай кіршіксіз таза жүретін. Шалбарының қырымен нан турауға болатын.
Үйіне барсақ жеңгеміз ағамызға өз қолымен шәй құйып беріп отырып, дастархан басында салиқалы әңгімелер айтатын.
Кешегі көріністе, ағам, жас жеңешеме өзі шәй құйып беріп отыр. Жағасы кірлепті, жеңінің жіптері сәл сетінепті. Ағамның көзіндегі бұрынғы отты байқамадым.
Бес жасар баласы құлап қалып, жылап еді, ағам жүгіріп кетті. Жас жеңешем селт етпеді, сымсыз телефонымен сөйлесіп отыра берді.
Әуелгі бақ, бақ. Онан кейінгісі қара дақ-деген қазақ емеспіз бе? Басымыздағы бүтін бағымыздың жартысы болған жан жарларымыздың қадірін білейік.
Алла ризықтың берекесін әйелдің пейіліне жасырған, ер азаматының даңқын, әйелінің дастарханымен асырған……..
Comments (0)
Add Comment