Әйелге – сүйіспеншілік, балаға мейірім керек

Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» мен қалалық «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірлесіп «Арулар – Асыл жандар» атты мерекелік концерт ұйымдастырды. Іс-шара мүмкіндігі шектеулі балалары бар және оларды тәрбиелеп отырған аналарға, аз қамтылған отбасыларға, қиын өмірлік жағдайда қалған, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына арналды.

Кездесудің арнайы қонағы – тіл жана­шыры, қоғам қайраткері Оразкүл Асан­ға­зықы­зы жиналған қонақтарға отбасының маңы­зы, ер мен әйел, ене мен келін, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, жалпы от­басылық мәселелер туралы өз ойын ортаға сал­ды.

– Абай атамыз жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады деген. Біреуі – ішсем, же­сем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құ­мары. Ал екіншісі – білсем екен деп туады. Олар көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары. Біздің көрсем, білсем дейтін ба­лаларымыз көп болуы үшін оның жанын сақ­тау керек. Жанның 12 арнасы бар. Балаңыз бек­зат болуы үшін махаббат пен мейірім ке­рек. Сондықтан балаңызды бір күнде кем де­генде 8-12 рет құшақтап, жақсы көре­ті­ніңізді айтып сүйіп, ашық сөйлесу керек, – дейді Оразкүл Асанғазықызы.

«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы» көпбалалы, толық емес, жағдайы төмен отбасыларға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты кеңес береді. Қиын жағдайға тап болған әрбір отбасына психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек беріп, отбасы институтының дамуына жан-жақты қолдау көрсетеді. Орталыққа келетін отбасыларға кешенді қолдау көрсету, мәселелерін толық шешуге көмек беру, халықтың әлеуметтік осал топтарын анықтау да басты бағыттарының бірі. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып азаматтардың өтініштерінің қысқа, орта және ұзақмерзімді кезеңде орындалуын қадағалайды. Орталық сондай-ақ отбасы инс­титутын нығайтуға бағытталған іс-шара­ларды жиі ұйымдастырып отырады.

Мерекелік іс-шара кезінде Қанат Үмбетов, Жаңабай Өтегенов сынды эстрада жұл­дыз­дары әннен шашу шашты. Мұқағали Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназияның 8-сы­нып оқушысы Мақпал Құдайберген «Анаға ар­нау» өлеңін оқып, көпшіліктің ыстық ықы­ласына ие болды.

– «Арулар – Асыл жандар» атты мерекелік кон­церттің мақсаты – әйелдерге деген сүйіс­пеншілік пен құрмет сезімін арттыру, нәзік жандылардың эстетикалық талғамын дамы­ту, қыз-келіншектерге мерекелік көңіл күй сыйлау, – деді Астана қаласы әкімдігінің «Жа­нұя» отбасы институтын қолдау орта­лығы директорының орынбасары Құралай Жанұзақова.

8-наурыз халықаралық әйелдер күні ме­рекесіне орай көпбалалы әрі жалғызбасты ана­лардың құрметіне ұйымдастырылған кез­десуге келген нәзік жандылар өмірлік қиын­дықтарын бір сәтке ұмытып, қолда бар ба­қыттарына шүкіршілік айтып, отбасын сақ­таудың балалар, мемлекет, ұлт үшін қан­дай маңызды екенін терең сезініп қайт­қан­дай. Жиналған әйелдер қауымы мұндай кез­десулер оларға ерекше күш-қуат беріп, кө­теріңкі көңіл күй сыйлайтынын айтты.

https://turkystan.kz/article/240666-sh-ysh-bibihan

Comments (0)
Add Comment