Биыл маусымда 26 жасқа толған офицер өзінің туған ауылы Саздыда жерленді
Аягөзде көз жұмған әскери қызметкер Нұрсұлтан Алдамұратовты туған-туыстары соңғы сапарға шығарып салды.
Ulysmedia.kz сайтының мәліметінше, биыл маусымда 26 жасқа толған офицер Қызылорда облысы Арал ауданындағы өзінің туған ауылы Саздыда жерленді. Жас жігіттің денесін кеше Абай облысынан Қызылорда облысына ұшақпен жеткізген.
Бұған дейін Қорғаныс министрлігіне қарасты Абай облысы Аягөз ауданында орналасқан 10810 әскери бөлімінде жоғары оқу орнын бітіріп, әскери кафедрадан кейін барған қызметкер көз жұмғаны хабарланған еді. Әскери бөлім оның туған-туыстарына жас жігіт асылып қалғанын айтқан. Туған-туыстары жас жігіттің өз-өзіне қол салғанын күмәнмен қарайды.
Көз жұмған сарбаздың есімі – Нұрсұлтан Алдамұратов. 1998 жылы туған. Қызылорда облысы Арал ауданы Сазды ауылының тумасы.
Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаевтың айтуынша, Нұрсұлтан Алдамұратов Аягөздегі әскери бөлімге екі жылға шақырылған, офицер болған. Басқожаев “жас жігіттің әскери қызметке еш шағымы болмағанын” айтады.
https://turkystan.kz/article/249174-aiagozde-koz-zhumgan-ofitser-zher-koinyna-tapsyryldy