Ауыл тұрғындарымен кездесу

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығына сәйкес, бүгін аудан әкімі Мұртаза Жалғас Алижанұлы Бауыржан Момышұлы ауылы және Билікөл ауылдық округі тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Бүрлібаев Зиядхан Рымбекұлы және аудан әкімі аппаратының басшысы Кусембаев Ратбек Қанатбекұлы қатысты.
Бауыржан Момышұлы ауылы әкімі аппаратының ғимаратында өткен кездесуде аудан әкімі Жалғас Алижанұлы ауыл тұрғындарына су тапшылығын зерделеу, су құбыр жұмыстары, жол жөндеу жұмыстары, көше жарығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен сапасы туралы кеңірек мәлімет берді. Тұрғындар тарапынан көтерілген тақырыптарға назар аударып, орынды жауап ұсынды.
Су тапшылығын болдырмау мақсатында әкімшілік қызметкерлері бөлініс бойынша аулаларды аралап, суды дұрыс пайдаланудың ережесімен таныстырып өтеді. Нәтижесінде бақша суарып, кілем жуып суды мақсатсыз пайдаланған тұрғындар анықталады.
Жол жөндеу жұмыстары бойынша мердігер компания Б.Момышұлы, Парасат, Т.Тастандиев, Төле би көшелері бойынша жұмыстарын жүргізуде. Сметалық құжат бойынша стандартқа сай сапалы жұмыстар атқарылып жатқандығын бақылау кезінде көріп қайтқандығын аудан әкімі айтып өтті.
Көше жарығы бойынша келісімшарт жасалып, осы аптаның басынан жұмыстар басталған.
Әрбір көшенің жарығы бойынша зерделеніп, техникалық қызметтер жүріп жатыр.
Билікөл ауылдық округі Қарабастау ауылының Мәдениет үйінде өткізілген кездесуде аудан әкімі Жалғас Алижанұлы газ құбыры, су құбыры, жол, мал шаруашылығы, егін шаруашылығы және шөп мәселесі бойынша тоқталды.
Аудан бойынша 49 ауылдан 36 елдімекенге ауыз су кіргізілді. Аудан әкімі тұрғындарға 1 га егістік жерден егін егуге бөліп берейік деген ұсынысын айтты. Тұрғындар тарапынан дарбыз еккен тиімді екені айтылды. Ал, пияз өнім бермейді. Себебін суаратын су ащы, тұзды деп айтып өтті.
Ауылдық округ бойынша көше жарық шамдары бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Аудан әкімі су қауіпсіздігі, өрт қауіпсіздігі бойынша тұрғындарға абай болулары туралы ескерту, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Жуалы ауданы әкімдігі

 

Comments (0)
Add Comment