Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков аудан халқының алдында жыл бойы атқарылған жұмыстарды тізбектеп, есеп берді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысқан есепті жиында Нарбай Әбілқасымұлы 2019 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен 2020 жылы алда тұрған міндеттер туралы баяндады.
Аудан әкімі есепті баяндамасын ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінен бастады.
– Есепті мерзімде жалпы өңірлік өнім көлемі 47,9 млрд теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 8,2 млрд теңгеге орындалып 120,6 пайызға өсті.
Оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 29,9 млрд. теңгені құрап, 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 105,8 пайызды құрады.
Өсімдік шаруашылығы 13,9 млн. теңге, нақты көлем индексі 108,2 пайызды, мал шарушылығы 15,8 млн. теңге, нақты көлем индексі 103,8 пайызды құрап отыр, – деді аудан әкімі.
Өз сөзінде Н. Ергебеков ауыл шаруашылығы – ауданның негізгі ресурсы екенін айтып, ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар ына тоқталды.
– Ал бұл міндетті жүзеге асыруға алғышарт болатын, әрине, суармалы су көздерін тиімді пайдалану. Осы орайда, Ақсай №1 және Көксай №11 ішкі шаруашылық каналдарын 7,7 млн. теңгеге мехотрядпен тазалау жұмыстары жүргізіліп, 410 га егіс алқабы суарылатын болды.
Сонымен қатар, аудан шаруалары су үнемдеу технологиясын енгізуді жүзеге асыруда. Есепті кезеңде «Дархан» шаруа қожалығы 27,0 млн теңгеге жаңбырлатып суғару қондырғыларын орнатып, 100 га жер қамтылып отыр, – деді Нарбай Әбілқасымұлы.