АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ — АСЫРАУШЫ САЛА

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына биылғы жылдың 1 қыркүйегінде арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту- негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл-стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес, Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс»-деп атап өткені белгілі.
Облыс орталығы Тараз қаласының іргесіндегі ауданымыз негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Ауданда 54792 бас мүйізді ірі қара, 377864 бас қой-ешкі, 19768 бас жылқы, 1079 бас түйе, 1585 бас шошқа, 922728 бас құс өсіріліп жатса, бұл өткен жылмен салыстырғанда мал, құстың анағұрлым өскенін көрсетеді. Аудан бойынша биылғы жылдың өткен 10 айында 14391,1  тонна ет (тірідей салмақта), 36784,2 тонна сүт және 10 млн.416 мың дана жұмыртқа өндірілді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мал өнімдерінің барлық түрлерінен ілгерілеушілік барын байқау қиын емес. Бұл ретте аудандағы осыдан 2-3 жыл бұрын қолға алынған Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған пилоттық жобаның пайдасы көп болып отыр. Аудандағы Түймекент, Қостөбе, Үлгілі ауылдық округі түрғындары аталған жоба аясында  мал өсіріп, егін салуда мол нәтижеге қол жеткізіп, өз жағдайларын анағұрлым жақсартып алғандарын атап өтуге болады.
Ауданымызда кейінгі жылдары егін шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы егістік жердің көлемі 59790 гектарды құраса, оның 29549 гектары суармалы, 30241 гектары тәлімі жер. Биылғы жылы аудан бойынша 59552 гектар жер игеріліп,  оған 1825,2 гектар пияз, 8730 га күздік бидай, 12790 га жаздық арпа, 5704 га көкөніс, 2010 га дәндік жүгері, 1400 га майлы дақыл, 1000 га қант қызылшасы, 1800 га бақша, 700 га картоп егілді. Бұлардан басқа таңқурай, құлпынай, дәндік бұршақ тағы басқа да дақылдар еккен шаруашылықтар бар.
Биылғы жыл диқандар үшін қолайлы жыл болды. Ерте көктемде үзіліссіз жауған жауын, егістік суының уақытылы берілуі қайсібір дақылдың болмасын бітік шығуына жол ашты. Диқандар ала жаздай тынымсыз еткен еңбектерінің нәтижесін көріп, қуанып отыр. Олар қайсібір дақылды болмасын төкпей-шашпай өз мезгілінде сапалы жинап алуға қол жеткізді. Бұл ретте аудандағы 21460 гектар масақты дәнді дақылдардан 43080 тонна өнім алынғанын атап айтуға болады. Сонымен қатар 196587 т. көкөніс, 52492 т бақша өнімдері, 16493 т. картоп, 14972 т жүгері жиналып алынды.
Ауданда пияз егіп, одан мол өнім алуда жақсы тәжірибе қалыптасқан. Биылғы жылы аудан бойынша 1825,2 га. жерге пияз егілді. Пияз егумен аудандағы 18 округтің 14-і айналысады. Олардың арасындағы Бурыл ауылдық округі 900 га. жерге пияз ексе, Қостөбе, Ботамойнақ, Диқан, Жаңатұрмыс ауылдық округі  диқандары пияз егетін алқапты 130-215 гектар аралығына жеткізген. Аудан бойынша әр гектардан 425 центнерден өнім алынып, барлығы 77576 тонна пияз жиналып алынды.
Ауданда жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып, жыл сайын жылыжайлардың саны да, көлемі де артуда. Аудан бойынша көлемі 5,2 гектарды құрайтын 5 жылыжайлар шаруашылығы және 0,95 гектарды құрайтын 12 отбасылық жылыжайлар бар.  Жылыжайлардың жалпы көлемі 6,9 гектарды құрап отыр. Биылғы жылы жылыжайларға қияр, қызанақ, құлпынай дақылдары егіліп, олардан 189,5 тонна өнім жиналды. Демек, аудан дихандары жылыжайдың пайдалы екеніне көз жеткізіп, олардың санын көбейтуге жұмыс жасауда.
Егістіктен мол өнім алуда оны өз уақытында дұрыс суарудың пайдасы мол. Алайда кейінгі жылдары егін суына байланысты мәселелердің туындап отырғаны аян. Сондықтанда шаруашылықтар суды үнемдеу мақсатында егістікті жаңбырлатып, тамшылатып суару және басқа да жаңа технологияларды пайдаланған дихандарымыз өнімді екі есеге дейін артық алып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады.  Бүгінде мұндай технологияларды 27 шаруашылық пайдалануда. Олар 3238 га егістікті тамшылатып, ал 2972 га егістікті жаңбырлатып сауаруды қолға алды. Су тапшылығына байланысты жер асты суын пайдалану үшін биыл 17 ұңғыма қазылды.
Өсірілген өнімді жинап алумен бірге оны сол қалпында сақтау да маңызды. Міне сондықтанда ауданда 15 жеміс-көкөніс сақтау қоймалары бар. Олардың аумағы 17625 шаршы метр болса, сыйымдылығы 29540 тонна. Аталған қоймалардың үшеуінде салқындатқыш қондырғылары орнатылған. Қоймаларға 19550 тонна пияз, 800 т картоп, 500 т сәбіз өнімдері сақтауға қойылды.
Аудандағы 10 округтің 27  шаруашылығы 1000 га алқапқа қант қызылшасын екті. Бүгінде 980 га егіс алқабынан 34790 тонна  тәтті түбір жиналды. Оның 34682  тоннасы Меркі қант зауытына өткізілді. Диқандар қант қызылшасын алғашқы қар түскенше төкпей-шашпай жинап алу жолында уақытпен санаспай еңбек етуде. Алдағы жылдары қант қызылшасы көлемін ұлғайтуды  жоспарлап отырмыз.
Мал, егін шаруашылығын жүйелі жүргізуде техникалардың атқаратын жұмысы көп. Сондықтанда ауданда техникаларды жаңалап отыру әдетке айналған. Биылғы жылдың 10 айында 58 шаруашылық жалпы құны 867,7 млн. теңге тұратын 150 жаңа техникалар (19 трактор, 1 комбайн, 130 әр түрлі техникалар) сатып алды.
Мал басын өсіріп, оның өнімділігін арттыруда жем шөптің алар орны ерекше. Сондықтанда жаз айларында жемшөп дайындау мықтап қолға алынды. Нәтижесінде аудан бойынша 203716 т пішен, 50574,7 т сабан, 11590 тонна пішендеме, 10000 т сүрлем дайындалды.
Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын несиелендіруде де жақсы жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылдың көкемгі дала жұмыстары үшін жалпы сомасы 29 млн. теңгені құрайтын 3 шаруа қожалығы несиелендірілді. Бұлардан бөлек «ҚазАгро Қаржы» АҚ-нан лизинг арқылы 12 шаруашылық 147,2 млн . теңгеге 12 трактор және «Тараз ӘКК арқылы 1 шаруашылық 25.2 млн. теңгеге 2 трактор және 43 млн. теңгеге 1 комбайн алды. Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау бағдарламасы бойынша да субсидия алған шаруашылықтар бар. Мәселен, биылғы жылдың 10 айында аудандағы 1602 шаруашылық жалпы соммасы 3 млрд. 305.6 млн. теңге субсидия алғанын айта кеткен орынды болар. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай көмектер ауданда ауылшаруашылығы саласын дамытып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға жол ашып отыр.

Болат САҒЫНБЕКОВ, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары.

Comments (0)
Add Comment