«Ауруханаға жатқызбай, сенделтіп қойды»: Көкшетауда көз жұмған жүкті әйелдің жақындары дәрігерлерді кінәлайды

Видеодан скриншот

Марқұмның жақындары дәрігерлер жүкті әйелді 12 сағат бойы перинаталды орталық пен қалалық аурухана арасында сабылтып қойғанын айтады. Дәрігерлер дер кезінде көмек көрсеткенде, ана мен бала аман қалатынына олар сенімді.

22 желтоқсанда жүкті әйелдің дене қызуы көтеріліп, жедел жәрдем қызметін шақыртқан. Жақындарының айтуынша, фельдшер Айнаш Ұстажанованы алдымен перинаталды орталыққа апарған. Содан кейін қалалық ауруханаға жіберген көрінеді. Ал қабылдау бөліміндегі дәрігер қайтадан әйелді перзентханаға жіберген дейді. 12 сағат бойы екі ортада жүргенде, Айнаштың жағдайы ушығып, ақыры жүрегі тоқтаған. Ішіндегі шақалақ та аман қалмады.

“Қалалық ауруханада бірнеше сараптама алғанымен, ешкім ауруханаға жатқызбаған. Сол күйі қабылдау бөлімінде отырған. Дәрігерлерден еш көмек болмай, әбден қажып, демі жетпей, әлсіреп, түнде үйге келді. Үйде үш-ақ сағат болды. Беті, қолы әбден көгеріп кеткен. Түнгі төрттер шамасында жедел жәрдем қызметін қайта шақырттық. Бірақ бәрі кеш болды. Бұл іске дер кезінде көмек көрсетпеген дәрігерлерді кінәлаймын. Тиісті жазаларын алсын”, – деді марқұмның анасы Зәуреш Оразбаева.

Марқұмның артында екі ұлы қалды. Тұңғышы 8-де, ол аутизм дертіне шалдыққан. Кішкентайы 2 жасқа таяған екен. Сүйіп қосылған жолдасының бақилық болғаны күйеуінің жанына қатты батқан.

“Өмірге қыз бала келеді деп қуанған едік. Енді, міне,бір-ақ күнде екі бірдей адамымнан айырылдым. Дәрігерлер бізді бір ауруханадан екінші ауруханаға сабылтып, сенделтіп қойды. Түсінуімше, ешкім өзіне жауапкершілік алғысы келмеді. Жұбайым қаншама анализ тапсырды. Ертерек ем көрсету керек еді. Бірақ ешкім ештеңе істей алмады”, – деді Айнаштың жұбайы Сайран Ұстажанов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жүкті әйелге тиісті медициналық көмекті көрсеткенімен, ол ауруханаға жатудан бас тартты дейді.

“Көкшетау қаласының медициналық мекемесіне жүкті әйел жедел жәрдем көлігімен жеткізіліп, оған тиісті көмек көрсетілген. Дене қызуының көтерілуіне, белінің ауырсынуына шағымдары болған. 23-і күні көпсалалы қалалық ауруханада науқас ауруханаға жатуға келіспеген. Соған қарамастан біз оған көмек көрсеттік. Отбасы мен жақындарына көңіл айтамыз. Қызметтік тексеру жүргізіліп, сот-медициналық сараптаманың қорытындысы алынғаннан кейін толық ақпарат беріледі”, – деп мәлімдеді Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Камила Әбделманова.

Марқұмның туыстары денсаулық сақтау басқармасы мамандарының сөзін жоққа шығарды. Қабылдау бөлімінде отырған келіншектің ауыр жағдайын көрген куәгерлер де бар екен. Сондықтан қара жамылған отбасы істі соңына дейін жеткізуге ниетті.

https://stan.kz/auruhanaga-zhatkizbay-sendeltip-koydi-kokshetauda-koz-z-393170/

Comments (0)
Add Comment