Сарысу ауданында «Есірткісіз болашақ» тақырыбында жасөспірім қыздар арасында бес асықтан аудандық жарыс ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті.
Аталған іс-шара Сарысу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында өткізілді. Жарыстың басты мақсаты – жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру.
Жарысқа аудан мектептерінің 5–6, 7–8 және 9–11 сынып оқушы қыздары қатысып, ұлттық ойын түрінен өздерінің ептілігі мен шеберліктерін көрсетті.
Іс-шараға Жамбыл облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Айкерім Асанқызы Каукешова, аудандық полиция бөлімінің өкілдері және аудан әкімінің орынбасары Жұмат Жұмабекұлы Сақыпбеков қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, игі бастаманың маңыздылығына тоқталды.
Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.
Ұлттық спортты ұлықтап, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған мұндай шаралар жас ұрпақтың рухани және дене тәрбиесін нығайтуға өз үлесін қоса береді.