7 мамыр — Отан қорғаушылар күні – қазақстандықтардың ерлікке толы шежіресін және Отанға қызмет ету дәстүрінің сабақтастығын сипаттайтын күн.
Бұл күн біздің Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбітшілігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымыздың қорғаны ұлттық әскеріміздің айбынын асқақтататын күн. Қарулы күштер қатарында қызмет ету, әрбір жас қазақстандықтың бойында аталарымыздың батырлық және жауынгерлік дәстүрлерін үлгі тұтып, патриотизмнің жоғары мектебін қалыптастыру.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында орталық алаңда аудандық сапта жүріп ән айту байқауы өтті. Байқау Мемлекет Гимнмен басталды. Шараның ашылуына аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысып, құттықтау сөз сөйледі: — Бүгінгі байқау – Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күніне арналған тағылымы мол, мазмұны терең шара. Бұл – тек жарыс емес, бұл – жас ұрпақтың бойында ұлтжандылық пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік мәні зор іс-шара. Бұл күн – ерлік пен елдікке тағзым етіп, ата-баба аманатына адалдық танытатын, бейбіт өмірдің қадірін ұғынатын қасиетті мейрам, — деді. Мұнан соң аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков те ізгі тілегін жолдап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ауданның әлеуметтік — экономикалық дамуына, ауданның білім саласына сіңірген еңбегі үшін бірқатар азаматтарға «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары тапсырылды.
Байқауға 19 командадан 300-ге жуық оқушы қатысып, сапта жүруі, сапта жүріп ән айтуы бойынша сынға түсті. Тартысты өткен байқаудың қорытындысы бойынша 1 — ші орынды Б.Адамбаев атындағы тірек мектебі, 2 — ші орынды Б.Қашқынбаев атындағы орта мектебі, 3 — ші орынды Жаңаталап атындағы орта мектеп, «Үздік взвод командирі» номинациясымен Сарысу орта мектебі, «Үздік патриоттық ән» номинациясымен Ақтоғай орта мектебі жеңіп алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен бағалы сыйлықтарды аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы арнайы тапсырды.
Шара концерттік бағдарламаға ұласып, аудандық мәдениет үйінің әншілері рухты ән шырқап, байқаудың көркін қыздырды.