Атырау облысында бір отбасыны өлтірді деген күдіктіге тағы бір бап бойынша айып тағылды

Атырау облысы Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесін өлтірді деп айыпталған күдіктіге тағылған айыптар тізімі кеңейтіліп, тағы бір бап қосылды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты қылмыстық кодекстің екі бабы, “екі немесе одан да көп адамды өлтіру” және “адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ұрлық” баптары бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

“Атырау облысының полиция департаменті адам өлтіру, сондай-ақ олардың мүлкін ұрлау деректері бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Қылмыстық іс аясында күдікті ұсталып, оған қатысты соттың санкциясымен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды”, – делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік сотқа дейінгі тергеудің жалғасып жатқанын хабарлады, алайда ресми жауапта күдіктінің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекеттеріне қандай құқықтық баға берілетіні айтылмаған.

Еске салсақ, бұған дейін Индонезияда ұсталып, Атырауға жеткізілген Ақбаян Мұқанғалиева психиатриялық ауруханаға жіберілген еді.

 

Оқиғаның мән-жайы

2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насипа Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған, олардың қайда екені белгісіз болған.

Төртеуі де хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша соталды тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.

“Былтыр желтоқсанның соңында Атырау қаласының тұрғыны полицияға ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жатқанын айтып жүгінді. Жүргізілген жедел-тергеу шараларының нәтижесінде өлтірілген адамдардың мәйіттері әртүрлі жерлерге көмілген күйде табылды”, – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.

“Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Индонезия Республикасындағы әріптестерімен бірлесіп, аталған елдің аралдарының бірінде Атырау облысындағы резонанстық отбасы өліміне күдікті азаматты ұстады. Қазір ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деді Қанат Нұрмағамбетов.

Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кенже қызының да жүргені анықталған. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, тергеуге жауап берді. Оның жауабы бойынша, жедел-тергеу тобы қайта тергеу әрекеттерін жүргізіп, Атыраудағы үйдің ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты.

Stan.kz ақпарат агенттігі

Видеодан скрин

Comments (0)
Add Comment