Асыраушы саланың дамуы – азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі

Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің алдында экспортқа бағдарланған, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті, сапалы азық-түлік өнімдері өндірісін ұлғайту арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету міндеті тұр.

Өңірде өткен жылы негізгі бағыттарды жүзеге асыру мақсатында ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті өнім өндіру мен агроөнеркәсіп кешені жүйесін тиімді жүргізу бойынша ілгерінді жұмыстар атқарылды.

Мәселен, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 38,0 миллиард теңге бөлініп, 15 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1094 агроқұрылымға 16,1 миллиард теңге несие берілді.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында салада 488,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 25 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды.

2024 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 626,7 мың гектарға отырғызылып, 352,9 мың гектар масақты дәнді дақылдардан 586,4 мың тонна астық бастырылды. 2023 жылмен салыстырғанда 208 мың тоннаға артық жиналып, орташа өнімділік гектарына 10 центнерден 16,6 центнерге дейін артты. Сондай-ақ, картоп, майлы дақыл, көкөніс және бақша дақылдарынан 2,2 миллион тонна өнім алынды.

Қант қызылшасы дақылынан 645 мың тоннадан астам өнім алынып, орташа өнімділігі гектарына 627 центнерді құрады және өнімділік 2 есеге өсті. Соңғы 4 жылдағы 25 мың гектар алқаптан барлығы 650 мың тонна өнім жиналса, 2024 жылы фермерлер бұл көрсеткішке бір жылдың ішінде қол жеткізді.

Жоғары өнімге қол жеткізудің негізі – ол ауыл шаруашылығы техникаларының жаңаруы. Шаруашылықтарға жеңілдетілген 5-6 пайыздық несиелер берудің нәтижесінде 464 дана жаңа техника алынып, жаңару көрсеткіші 8,2 пайызға жетті. Одан басқа 550 ауыл шаруашылығы техникалары алынды.

Өткен жылы 15,4 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізіліп, облыс аумағындағы жалпы көрсеткіш 55,4 мың гектарға (тамшылатып суару – 11 мың га, жаңбырлатып суару 2,5 мың га, лазерлік жоспарлаушы 1,8 мың га) жеткізілді.

Аймақта ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 45 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі.

Есепті жылы 226,2 мың тонна сүт өндіріліп, 1,3 пайызға артса, 129,9 мың тонна ет өндіріліп, 3,1 пайызға артты.

Облыстағы жалпы мал басы 3,6 миллион басты құраса, оның ішінде мүйізді ірі қара саны – 429,4 мың басты, қой саны – 3,0 млн. басты, жылқы саны 173,9 мың басты құрады.

Қазіргі уақытта аймақта асыл тұқымды ұсақ мал өсірумен 359 қожалық, мүйізді ірі қара малын өсірумен 59 шаруашылық айналысуда.

Одан бөлек, сыйымдылығы 1000 бастан жоғары 13 бордақылау алаңдары және қуаттылығы 300 бас ұсақ қара мал мен тәулігіне 50 бас мүйізді ірі қара малды сойып өңдейтін ірі 2 ет өңдеуші кәсіпорын жұмыс істеуде.

Сондай-ақ, қуаты 50 бастан 600 басқа дейінгі сауын сиырдан тұратын 46 сүт-тауарлы фермасы бар. Ондағы мал саны – 5,1 мың басты құрайды.

Аймақта құс шаруашылығы бағытында жұмыс істейтін 5 ірі өндірістік кәсіпорын болса, оның 4-і («Әулие-ата Феникс» ЖШС, «Алель-Агро» АҚ, «Қордай құс» ЖШС, «БМ Агропродукт» ЖШС) құс етін, 1-і («Аса-Даму» ЖШС) жұмыртқа өндіреді.

Есепті жылы облыстағы құс саны 1,9 миллион басты құрап, 20,7 мың тонна құс еті өндіріліп, 4,1 пайызға артты. Сондай-ақ, 123,5 миллион дана жұмыртқа өндірілді.

Мемлекет басшысының үш жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін жеткізу туралы тапсырмасын орындау мақсатында облыста қайта өңдеу бағытын дамыту бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда.

Қазіргі уақытта облыста етті қайта өңдеумен айналысатын 42 кәсіпорын бар. Оның ішінде қуаттылығы 300 бас ұсақ қара малды және тәулігіне 50 бас мүйізді ірі қара малды сойып өңдейтін 2 ет өңдеуші кәсіпорындар («Меркі ет комбинаты» ЖШС, «Первомайские деликатесы» ЖШС) ірі кәсіпорындар қатарына жатады.

Бүгінгі күні өндірілген еттің 13,4 мың тоннасы ішкі тұтынымға пайдаланылып, 7 мың тоннасы қайта өңделді. Кәсіпорындардың жүктелімі 21 пайызды құрады.

Сол сияқты өндірілген сүттің 60,8 мың тоннасы ішкі тұтынымға пайдаланылып, 70,5 мың тоннасы қайта өңделді. Кәсіпорындардың жүктелімі 69 пайызды құрады.

Өндірілген өнімдер толық сатылғанша және кезең аралық мерзімге сақтап қалу жұмыстары да назардан тыс қалмауда.

Мәселен, облыс бойынша сыйымдылығы 300 мың тоннаны құрайтын 113 сақтау қоймасы жұмыс істеп тұр. Оның 4,7 мың тоннаны құрайтын 7 қоймасы жеміс-жидек сақтауға және 9,5 мың тоннаны құрайтын 10 қойма картоп сақтауға арналған.

2024 жылы сыйымдылығы 15,6 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймалары іске қосылды.

Қорыта айтқанда, алдағы уақытты облыста суармалы алқаптардың аумағын арттыру, заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, асыл тұқымды мал санын көбейту, ақылды фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашуға күш жұмсалатын болады.

Қайрат КӨШЕНОВ,
облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы

Comments (0)
Add Comment