Астанадан шыққан пойызда жолаушы көз жұмды

Әлеуметтік желілерде жеке тасымалдаушы «Сары-Арқа Компаниясы» ЖШС-ға тиесілі пойызда жолаушының қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады.
Хабарламада ер адамның сапар барысында, алдын ала болжам бойынша, жүрек талмасынан көз жұмғаны айтылған.

Компания бұл оқиғаға қатысты пікір білдіріп, қайғылы жағдайдың 14 маусым күні кешкі уақытта №57 «Нұрлы жол – Орал» бағытындағы жолаушылар пойызында, Курорт-Бурабай станциясына жетер алдында болғанын хабарлады.

Тасымалдаушының мәліметінше, жолаушының жағдайы вагонда кенеттен нашарлаған. Жолсерік бұл туралы бірден пойыз бастығына хабар берген, содан кейін машинист арқылы жедел медициналық көмек қызметі шұғыл шақырылған.

Марқұмның жұбайының айтуынша, ол жүрегіне жасалған отадан кейін емдеу мекемесінен үйіне қайтып келе жатқан.

Дәрігерлер пойызға сағат 23:49-да келіп, науқасты тексерген, қан қысымын өлшеп, көктамыр ішіне дәрі енгізген. Алайда арада көп уақыт өтпей жолаушы есінен танып қалған. Сағат 00:30-да медицина қызметкерлері оның қайтыс болғанын растады.

Көкшетау станциясында марқұмның денесі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін пойыздан түсірілді. Шұғыл медициналық және тергеу іс-шараларын жүргізуге байланысты пойыздың қозғалысы 43 минутқа кідірді.

Politico.kz.

Дереккөз: https://politico.kz/kz/article/astanadan-shyqqan-poyyzda-zholaushy-koz-zhumdy?fbclid=IwY2xjawSc1spleHRuA2FlbQIxMQBzcnRjBmFwcF9pZBAyMjIwMzkxNzg4MjAwODkyAAEeDFQzWnOdOVVO4T3LUN03yBfkxm48b6o51VExegLPc55Kt6QLdLFqjDzeJiY_aem_fAfWtawOtm15Dj0meNI09A

Comments (0)
Add Comment