Астанада республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті

Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғылыми-практикалық конференция өтті деп хабарлады turkystan.kz.

Іс-шара барысында отандық сарапшылар жаһандық және жергілікті сайлау үрдістері туралы мәселелерді талқылады. Ал халықаралық сарапшылар елдеріндегі азаматтық бірегейлікті қалыптастырудағы өз тәжірибелерімен бөлісті.

Конференцияға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары  М.А. Әзілханов, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Д.Р. Қадыров, Парламент Мәжілісінің депутаты Ю.В. Кучинская, «AMANAT» партиясының хатшысы Д.Ж. Кәрібек, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Е.Б. Сыдықов, Президент жанындағы ҚСЗИ өкілдері, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері, сондай-ақ Израиль, Испания және Ресейдің сарапшылары онлайн форматта қатысты.

«Бүгінгі таңда әлем турболентті жағдайда өмір сүруде. Жалпы, тек айналамызда ғана емес, әлемдік деңгейде болып жатқан саяси және экономикалық дағдарыстар мен күйзелістер әрбір аймақтарда өтуде. Осы жағдайда біздің мемлекетіміздің тәуелсіздігі, қоғамымыздың ынтымағы жаңаша тың көзқарастармен саралауды қажет етеді.

Дамыған, еркін азаматтық қоғам – сындарлы қоғамның, еліміздегі тәртіптің қалыптасуының өзегі, еліміздің дамуына бірден-бір септігін тигізер дүние. Азаматтардың сайлау белсенділігін де арттыру күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі. Электоралдық белсенділікті артырып, азаматтардың сайлауға қатысуына ықпал етуі елдің дамуына да әсер ететін болады», – деді AMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек.

Жиын барысында жастардың электоралдық белсенділігі туралы Динара Сәдуақасова баяндама жасады.

«2019 жылы жастардың электоралдық белсенділігі 30 пайыздан астам болды. Ал 2020 жылы белсенділік төмендеген. 2021 жылы, яғни, соңғы парламенттік сайлауда жастардың белсенділігі шамамен 26-27 пайыз болған. Жалпы, қоғамда халықтың электоралдық белсенділігін, саяси мәдениетін көтеру үшін әртүрлі шараларды қолдану керекпіз. Мысалы, әлеуметтік желілер арқылы жастарды тартуға болады. Сондай-ақ, мектеп жасынан бастап балаларға электоралдық мәдениет туралы үйрету керек. Елімізде 12 млн-ға жуық адам дауыс беру құқығына ие. Солардың ішінде 30 пайызын жастар құрайды. Салыстырмалы түрде Қазақстанда ауыл жастары сайлауға көбірек қатысады. Ал жас санаттарына қарайтын болсақ, 18-23 жас аралығындағылар сайлауға көбірек қызығушылық танытады», – деді «АМАНАТ» партиясы Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары Динара Сәдуақасова.

Конференция соңында қатысушылар жаңа сайлау дәстүрлерін қалыптастырудың маңызды аспектілерін көрсететін және оған қатысудың мәдениетін нығайтудағы рөлін айқындайтын резолюцияны қабылдады.

https://turkystan.kz/article/203529-astanada-respublikalyk-gylymi-praktikalyk-konferentsiya-otti/

Comments (0)
Add Comment