azattyq-ruhy.kz
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты балабақша меңгерушілеріне қатысты істі қарады, деп хабарлады turkystan.kz.
Олар балалар мекемелеріне азық-түлік жеткізумен айналысатын ЖШС директоры мен мекеме қызметкері қызмет бабын пайдалана отырып, жымқыру жолымен ірі мөлшерде өзіне сеніп тапсырылған мүлікті ұрлаған. (ҚК 189-бабы 3-бөлігінің 1, 2-тармағы, 28 баптың 5-бөлігі – 189 баптың 3-бөлігінің 1, 2 тармағы).
«Меңгерушілер жеткізілмеген азық-түлікке өтінім беріп, электрондық шот-фактураларды, жүкқұжаттарды дұрыс көрсетілмеген объектілерді белгілеген. Сөйтіп, олар қаражатты ЖШС директорының шотына аударған.Осылайша, сотталушылар ЖШС директорының көмегімен өздеріне сеніп тапсырылған ірі көлемдегі 35 млн теңгеден астам соманы ұрлап әкеткен», — делінген хабарламада.
Сотта прокурор айыптауды қолдады. Сотталушылар өз кінәсін мойындамай, ақтауын сұрады.
«Жәбірленушінің өкілі кәмелеттік жасқа толмаған балалардың болуын және жастарын ескере отырып, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады», — делінген хабарламада.
ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігінің 1,2-тармағының санкциясы мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің 10 еселенгеннен 20 еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруды көздейді.
«Меңгерушілердің кәмелетке толмаған балаларының болуы жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Жауапкершілік пен жазаны ауырлататын жағдайлар анықталмады. Сот үкімімен меңгерушілер К. және С. 3 жылға бас бостандығынан айырылды», — делінген хабарламада.
ЖШС директорының іс-әрекетінде жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың болмауына байланысты, осыған ұқсас қылмыстық құқық бұзушылық бойынша бұрын сотталғанын ескере отырып, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Жеңілдететін мән-жайлардың болуын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, денсаулық жағдайына байланысты қызметкер мен балабақша меңгерушісінің біріне 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза, меңгерушілерге 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, сотталғандарға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру түрінде қосымша жаза тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
https://turkystan.kz/article/243956-astanada-balaba-sha-me-gerushileri-35-million-te-ge-zhym-yr-an