Астанада адамды тани алатын 22 мың камера орнатылады

Жаңа 53 млрд теңге тұратын бейнебақылау жүйесі «Сергектен» де ауқымдырақ болмақ. SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана әкімдігі 2025 жылдың соңына дейін қала аумағына 22 мың заманауи бейнекамера орнатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғындармен кездесуде мәлімдеді. Әкімнің айтуынша, жоба халықаралық Presight компаниясы қатысқан консорциумның жеке инвестициясы есебінен жүзеге асырылады. Жалпы инвестиция көлемі — 53 млрд теңге. «Бұл жай ғана бейнебақылау емес. Жаңа камералар терең аналитика жүргізеді — адамды, көлік нөмірін, тіпті бұрынғы жүйелер анықтай алмаған өзге де белгілерді таниды», — деді Қасымбек. Полиция дерегінше, бүгінде көшеде жасалатын қылмыстардың үштен бірі камералардың көмегімен ашылады. Жаңа жүйе іске қосылған соң, бұл көрсеткішті 50 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ әкім бұрынғы ЦУМ ғимаратының жөндеу жұмыстарына қатысты пікір білдірді. Бұл нысан болашақта жаңа бақылау жүйесінің басқару орталығына айналады. «Ғимараттың жөндеу жұмыстарына бюджеттен бір тиын да жұмсалмайды. Барлық шығынды консорциум өз мойнына алды», — деді қала басшысы. Жаңа камералардың едәуір бөлігі қала шетіндегі Үркер тұрғын алабына орнатылады. Жоба толық көлемде 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

https://smartnews.kz/news/24014-astanada-adamdy-tani-alatyn-22-myn-kamera-ornatylady

freepik.com

Comments (0)
Add Comment