Аспалы көпір салу мәселесі көтерілді

Аудан әкімінің тұрғындар алдындағы есептік жиыны Қарасаз ауылдық округінде жалғасты. Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде өткен жиынға округ тұрғындары көптеп келді. Күн тәртібіне сәйкес, алдымен округтің учаскелік полиция инспекторы Нұржан Адаматаев, содан соң ауылдық округ әкімі Бауыржан Тойшыбеков есептік баяндама жасады. Баяндамашылар өз жұмыстарының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, алдағы межелерді де атап өтті. Сонымен қатар, жиынға келген ауылдық округ тұрғындары аудан әкімі Нарбай Ергебековтың баяндамасын ұйып тыңдады.

Жарыссөзде Қарасаз ауылдық округінің төбе биі Нұртаза Омаровқа сөз беріліп, ол өз кезегінде округі әкімімен бірлесіп бірқатар маңызды шаруалардың атқарылып жатқанын, заман талабына сай үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану жайын айтты. Келесі кезекте округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов мінбеге көтеріліп,  «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанының бойына таулы округтерге бұрылар тұсқа аспалы көпір салу, бұрылыстарды жарықтандыру, сонымен қатар, аудан орталығындағы темір жолдан өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің төбесін жабу қажеттігін сөз етті. Жарыссөзге шыққан екі азамат та ауылдық округ және аудан әкімдерінің жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.

Одан соң округке қарасты Ақбастау ауылы тұрғындарының атынан ауыл қариясы Аманқұл Тұрмаханбетов ауыл мен үлкен күре жолдың аралығына жаяу жүргіншілер жолын салу, талапқа сай балабақша салу жайын назарға ұсынды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ

Comments (0)
Add Comment