Бір тойда марқұм қараш Берік ақсақал “ал, бала осымен соңғы рет ескертемін” деп қатқылдау үн қатты. Демек, осыған дейін де ескерткен боп тұр.
— “Салты мықтының халқы мықты” деген айтыңыз” дедім әңгіменің ауанын аңғарып, әрі сөйлеткім келіп. Айтқанымдай, қазіргілердің ыңғайына көніп “ет табақтың орынына торт келеді” деп тамадалардың табақты ертерек алдырып тастайтынын көзіқарақты ақсақал көптен аңғарған боп тұр.
Рас. Табақты кейде келіндер, кейде даяшылар алып кетеді ғой. “Соларың дұрыс емес” деді.
Ас-тамақ желініп болған соң, қолдың майын мәсіге сүртіп отыратын кезді “мамыражай шақ” дейді бізің жақта. Сорпаны той болмаса, садақада еселеп ішпейді. Содан кейін, бас-жамбас ұстаған құда-жегжаты немесе сыйлы қонағы ас қайырады. Сосын, білетін біреуі әйет оқиды. Дұғасын тағы бір сыйлы адам жасайды. Сосын барып ТАБАҚ АЛЫНАДЫ. Өйткені, табақ жасаған келіндер
үлкендермен бірге отырмайды. Міне, солар БАТАЛЫ, ДҰҒАЛЫ ТАБАҚТАН ауыз тиіп, дәм татуы керек!!!
Ал, табақты әйет-дұға оқылмай, ас қайтарылмай алып кетсе, оларға бата қайдан дариды?!” ДЕП ЕДІ-АУ, қайран Берік ақсақал.
..,Сол Берік ақсақал отырған тағы бір жерде болдым. Сонда бір авторитетный коммунист шал өзі ас қайырды, өзі бата берді, өзі табақты алып берді. Қалған шалдардың да кемі жоқ еді, бірақ солай боп қалды. Сонда орынынан тұрып бара жатып Бекең, әлгі кәмөнеске “аға, тағы қандай өнерің бар?!” дегенін де есітіп едім.
Айтпақшы, бұрын “табақ алып беру” деген жоқ еді, осы 2000-жылдары шықты. Сірә, келіндер лямка көйлек кигеннен басталған сияқты. Келіндер сәлем етемін деп еңкейгенде ештеңесі көрініп қалмасын деп енелерінің ойлап тапқан амал-айласы сияқты. Жалпы, ыдыс-аяқ жинауға ер адамды араластырмаған дұрыс.
Сосын “СӘЛЕМ ЕТКЕНДЕ” оң тізесінің үстіне алақанын жаятын бопты. Онысы “құдайдан сұрағаны”-мыс. Алақанын жаймай-ақ, оң тізесін алақанымен тіресе, өзінің қайта тіктеліп кетуіне де ыңғайлы ғой. Қазір жас болғасын, тізесін тіремей-ақ тұрып кете берер. Бірақ, қартайғанда қиын болады-ау. Баяғыдай қапшықпен қи арқалап келе жатқанда, алдыңнан атпен қайнағаң шыға келсе көрер едім!
Шешелеріміз тізесін алақанымен тіреп сәлем еткеннің өзінде қиралаңдап әзер тұрып жататын. Дәл солардай қосақтарыңмен қол ұстасып, алтын тойға жетіп, соған дейін сәлем ете беріңдер.
(Күйеуі қайтыс болған адам сәлем етпейді және жаңа түскен келіннің қолтығынан сүйемейді) Оны да ескерте кетпесем, кей жерлерде оғаш көрініп қалып жүргендер де бар…
Ал, енді басында айтқан “табақ алу” мәселесіне қайта оралар болсам, мен айтқандай бұрынғыша қылған дұрыс. Ас қайтармай табақты алып кетіп, ол келіндерді ақсақалдар күтіп отырады. Келіндер табақтарын ас үйге апара сала, бата аламыз деп жүгіріп, кері қайтады. Ал, ол табақтың қызығын ит пен мысық көріп жатса еш таң қалмаймын. Содан шығар, келіндер қол жайып тұрғанда салдыр-гүлдір етіп табақтардың құлағанын да есітіп жүрміз. Әрине, ыдыс иесіз, беті ашық қалғасын не болсын. Сөз соңында айтарым, “БҰРЫНҒЫНЫҢ БӘРІ ӘУЛИЕ” деген, сол бұрынғыша жасай берейікші. Өзім, сол келіндерге бата дарысын деп табақты бата-дұғадан кейін алдырамын.
Орал-Қосай Байсеңгір