Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен «Тараз – мәдениет мекені» тұжырымдамасы аясында «Ас беру мәдениеті» тақырыбында кеңес өтті.
– Ағымдағы жылы Тараз қаласының өзіндік мәдениетін қалыптастырудың «Тараз – мәдениет мекені» атты 2024-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы ардагерлер мен зиялы қауым өкілдерінің арасында ашық талқыланып, бекітілді. Осы тұжырымдаманың «Тараз – таза қала», «Отбасылық құндылықтарды қалыптастыру», «Ұлттық құндылықтарды насихаттау» секілді 3 негізгі бағыты бойынша шаралар жоспары әзірленді. Осы тұжырымдаманың аясында халық арасында ұлттық құндылықтарды насихаттап, той мен ас беру мәдениетін жүйелендіру мақсатында бас қосып отырмыз, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жиналған қауымды еркін пікір алмасуға шақырды.
– Ас берудің саяси-әлеуметтік астарына мән берсек, ол алдымен қазақ елінің өзара бірлігін жақындата түсу, өзгелердің бастарына түскен ауыртпалығына ортақтасып, олардың қайғы-мұңын бөлісу, дүниеден озған игі жақсының өнегелі тұстарын ескеру арқылы оны кейінгі ұрпаққа үлгі ету секілді игілікті іс екені сөзсіз. 2020 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан Қазақстан Республикасы бойынша барлық мұсылман қауымы үшін ас беру мәдениеті туралы Ереже әзірленген. Бұл ережені қабылдаудың мақсаты – мұсылман қауымының өзіндік құдайы ас беру мәдениетін қалыптастырып, оған қатысты жоралғыларды, қалыптасқан дәстүрді жүйелендіру. Сондықтан, бізге де осы Ережені басшылыққа ала отырып, құдайы ас берудегі жөн-жоралғыларды реттеуіміз қажет, – деген шаһар басшысы имамдарға жұма намазы кезінде жамағатқа ас беру мәдениетін қалыптастыру бойынша түсіндіру және ақпараттық насихат жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуді ұсынды.