«Архимедтен қалған мұра»: «Нұрлы жермен» салынған үйлердің сыйқы (ВИДЕО)

Осыдан үш жыл бұрын Қостанай қаласында «Қонай» деген атаумен жаңа шағын ауданның құрылысы басталды. Сол кезден бері бүгінге дейін 5 қабатты 19 үй салынған. Созбалаңы көп үйлердің құрылысы әлі біпеген деп жазды turkystan.kz.

Аталған аудандағы үйлерге екі жыл бұрын конкурс өткізілген. Карантинді сылтау еткен мердігерлер мен қалалық құрылыс басқармасындағылар тұрғындарға былтыр берілуі керек баспана кілтін әлі бермей отыр. Себебі, құрылыс әлі аяқталмаған-мыс. Тек биылғы күзде  тұрғындарға 84 кварталдың 1,2,3-үйлері берілген. Қалған «Отбасы банк» салымшыларының баспаналары жартылай дайын қалпында қаңырап тұр. Сондай пәтерлердің кейбіреуінен су ағып, жылу болмағандықтан бөлмелер қалың мұзға оранған. Жұртшылық бұл жұмыстарға бұрынғы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің жауап беруін қалайды.

Осы мәселеге жергілікті БАҚ және республикаға белгілі блогерлер назар аударды. Алғашқылардың бірі болып Дәулет Мұқаев дабыл қақты.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен салынған үйлер халыққа нұрын емес, мұзын төгіп тұр! Оқырманым жіберген суреттер сөйлесін…

Бұл Қостанай қаласында салынған үйлер. 19 үй салынған, соның 3-еуінде ғана адамдар тұрып жатыр. Ал қалған үйлердің сапасы мынау! Бұл ТЕГІН ҮЙ ЕМЕС! Қарапайым халық болса жылдар бойы ипотека төлеуге мәжбүр.

Негізі кілті өткен жылы берілу керек болған. Биыл да кілт жоқ. Себебі пәтерлердің сыйқы мынау» деп жазды блогер.

Әзірге жауапты орган өкілдері халық алдына шығып, пікір білдірген жоқ.

«Қонай» ш.а. 21- кварталында № 2, 3 үйлердің құрылысын «Марал Құрылыс» ЖШС мердігерлік ұйымы жүзеге асырды, ағымдағы жылдың қазан айында осы ұйыммен шарттық міндеттемелердің орындалмауына байланысты шарт бұзылды. Ұйым мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы болып танылды.
Құрылысты аяқтау үшін жаңа мердігерлік ұйым белгілеген кезеңіне жасалған шартқа сәйкес үйлердің сақталуын «Нұр Сақшы» күзет фирмасы қамтамасыз етеді. Үйлерді тексеру кезінде жылыту тек жертөле бөлігінде жұмыс істейтіні анықталды. Судың ағуы жылу жүйесіндегі «Маевский» кранынан болды. Қаланың құрылыс бөлімі ақаулықтарды жою шаралары қабылданды. Жұмыстар 13 желтоқсанда толық аяқталады. Осы оқиға туралы хабарламаған күзет ұйымына қатысты наразылық жұмыстары басталды.
Қазіргі уақытта аталған үйлердің құрылысы бойынша жұмыстарды аяқтауға Мемлекеттік сатып алулар жарияланды. Мердігер ұйым анықталғаннан кейін тұрғындарды қоныстандырғанға дейінгі барлық ақаулар жойылады. Үй тапсырылмағанын және пайдалануға қабылданбағанын атап өтеміз. Үйде тұрғындар жоқ», деді құрылыс бақармасындағылар.

Аталған жерден үйлі боламыз деп үміттеніп жүрген жұрт өздерін мазақ еткен мекеме басшылары жазалануын және құрылыстың сапалы аяқталуын талап етіп отыр.

«30 %» қызметінен кетті (Қостанай облысының бұрынғы әкімі Архимед Бегежанұлы)! Енді кімнен сұраймыз?», «Архимедке рахмет айтамыз!», «Ең соңында кінәлі сантехник Вася болады», «Сұмдық-ай!», «Бұрынғы әкімді осы мұз қатқан үйге тұрғызу керек», «Бейшара халық осы үшін ақшаларын төлеп отыр ғой», «Қала әкімі (М. Жүндібаев) қызметінен кетсін», «Осындай құрылысты істеген компания басшыларының жеті ұрпағы осындай үйлерде тұрса екен» деп жазды жергілікті жұрт желіде.

Көпшілік пікірі мұның бәрі «Архимедтен қалған мұра» деген оймен түйінделеді.

Қала тұрғындары қалалық және облыс әкімдігінен үміт күтіп отыр. М. Жүндібаев пен жаңадан тағайындалған облыс әкімі Қ. Ақсақалов осыдан кейін қандай нәтиже шығара алатынын уақыт көрсетеді.

Comments (0)
Add Comment