Арғымақ тектес арынды ақын

Өнер әлемі киелі әлем. Ақын болу, көпшілікті мойындату, әсіресе қазіргі киізқұлақ заманда сирек құбылыс. Сол киелі өнерді меңгеріп, бүкіл Алла берген білімі мен күш-қуатын қазақ поэзиясына арнап жүрген тарпаң талант Маралтай Райымбекұлын қалай дәріптесек те жарасады.

«Мен туғанмын ер Мұхаммед өлген күн, –
Мен болмасам жүрегімді емдер кім.
Хақ Мұхаммед айтып кеткен кешегі,
Келеді деп…
Келген ақын, сол – Менмін!»
Ол өлең әлеміне атой салып осылай келді. Бірден құнарлы жырымен, екпінді сезімімен, құйындатқан сөзімен көпшілікті елең еткізді.
Ақынның тағдыры, өнердегі жолы жеңіл болмағаны, сүрініп-тұрып, құлап-жығылып асау поэзия жалына жабысқаны оның шығармаларынан айқын байқалып тұрады.
«Маңдайымды сүйеп құлпы тасына,
Ата-анам мен бауырымның кеп басына.
Жазылмаған жырымды оқып тұрамын,
Қазылмаған қабірімнің қасында», – дейді ол жас күнінде өмірден озған әке мен анасының, ағасының қабірінің басына барып, бүкіл ішкі дүниесі астаң-кестең болып, мұңға ерік беріп, күңірене өлең оқып тұрып.
Алғашқы шығармаларын туған жеріне, алғашқы сезіміне арнамаған ақын бар ма екен, тегінде. «Ақын жүрегінің жауы да, жанашыры да – ақынның өзі. Ақын өз жүрегін, жүрегінің сенімін зерттей отырып, оларды адамдық биік парасатқа бағыштай білгенде ғана, оның үні халықтық үнмен, азаматтық үнмен тоғыспақ» депті марғасқа Мұқағали Мақатаев. Ғашық адам өзінің сезімін жасыра ала ма, әлбетте жасыра алмайды.
Ғашықтық деген жазғытұрымда арқырап тасыған асау тау өзені сияқты, тастарды қопарып, кезіккен кедергіні шайып, жан-жағының бәрін жайпап өтеді, тазартады, таңғалдырады. Маралтайдың да бала сезімінен сыр шертетін «Алғашқы сезім» (Гүлбануға) өлеңінде махаббаттың ұлы құдіреті қарапайым һәм әсем жеткізіледі.
«Мен сен үшін батыр болғам сол кезде,
Мен сен үшін ақын болғам сол кезде», – деп жырлайды ол. Расымен де махаббат не істетпейді, қандай күйге түсіріп, қалай мазаламайды. Сонымен қоса:
« …Өзгелермен ойнай қалсаң қызғанып,
Өтуші еді жүрегімді мұз қарып.
Бар баланың мұрнын бұзғым келетін,
Қызғаныштан туып кейде қызбалық », – деп ақын ағынан жарылады.
Ақын болу үшін мінез керек. Мінезсіз ақын ақын емес. Сондықтан болар: «Лирикада мінез болады. Ол – ақынның мінезі. Әр өлең тек иесіне ғана тартады» деп академик Зейнолла Қабдолов бекер айпаған.
«Ұя сап имансыздың иығына,
Тірелген тіршіліктің тұйығына,
Шырылдап шыбын жаным сіңіп кетсін
Құдайдың көк тіреген құйынына», – деген жолдарда Маралтай ақынның мінезі анық аңғарылады. Гюстав Флобердің мынадай сөзі бар: «Суреткер де көктегі Құдай сықылды көзге көрінбесе де, өз шығармасының ішінде өзі өмір сүруі тиіс». Олай болса, көк тіреген құйынның тыныс-тіршілігінде Маралтайдың мінезі бар. Ақынға тән тарпаң мінез. Оның қаламынан шыққан отты, тағдырлы өлеңдерінен соны аңғару қиын емес.
«…Құдай – көкте, мен – жердемiн, жердегi
Қаламымда тағдырымның кермегi.
Маңдайыма тұрып қалған ағып кеп,
Ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегi.
Кермегiмде – кешегiмнiң зәрi бар,
Өрнегiмде – өмiрiмнiң зары бар.
Боздар болса мен боздайын ботадай,
Жүрегiмде Аруана елдiң қаны бар.
Сол қайғыны жою үшiн, ғасырлық –
Арманымды алмау үшiн ғасыл ғып.
Оу, кер далам сөйлесiн деп биiктен,
Батыр тудың күркiреген күйiктен.
Ақын тудың Ұланғайыр Тұранға,
Бөрiнiң де көкiрегiн иiткен.
Олар сенiң бүлдiрген жоқ тiлiңдi,
Олар сенiң солдырған жоқ гүлiңдi.
Содан берi жазылып сан ғазалдар,
Қирамады дейсiң не дүр мазарлар».
Бұл ақынның «Кентавр» кітабында төгілте жазған жыр жолдары.
«Тамырынан таратылып текті сөз,
Ал, арманшыл асыл халқым көкті кез.
Көк байрақты, қыран текті қазаққа,
Күн астында қанат жаяр келді кез», – деп жырлайды қазіргі азат күндерімізді, егемендік дастанын. Ақын ата-бабаларымыз мыңдаған жылдар аңсаған мына қазіргі тәуелсіздігімізді Маралтай және бір «Өмір» деген өлеңінде мадақтап, тебірене жырға қосады.
«Бала арманым өлді екен деп тереңде,
Болмас іске қабағымды керем бе.
Жерге сыйлап жансыз қалған тәнімді,
Көкке кетем көресімді көрем де», – дейді. Бұл не дегені? Бұны түсіну қиын. Біздің ойымызша, бұл – ішкі мұң. Сол мұңнан туған дүние болу керек, сірә. Адам болып мына кең дүниеге келгеннен соң адам болып кету де бір арман.
Маралтай туған жері киелі де қазыналы Каратау жиегіндегі Саудакент аймағындағы Игілік аулына «Табанымды топырағың күйдіріп, Алпыс екі тамырымды идіріп. Сол баяғы алқам-салқам қалпымда, Мен келдім ғой, айналайын Игілік» деп ат суытпай келіп тұрады. Онысы азаматтығы, туған жерге деген ыстық ықыласы, сарқылмайтын сезімі, таусылмайтын сағынышы, елге, жерге деген махаббаты. Туған ауылдың топырағының ыстығын сезіну қандай ғанибет, шіркін! Ақын жүрегінің туған атамекеніне деген лүпілін түсінесіз, мейірлене тұшынасыз, толқисыз, тебіренесіз. Туған жер топырағының тартылу күшін сезіне білу де, сағына білу де біле-білсек әркімге дари бермейтін ерекше бір қасиет емес пе?
«Бар ма, жоқ па бұл өмірге керегім,
Мен не деймін, сен не дейсің, өлеңім», – деп ақын бір сәт мына жарық дүниеге не үшін, кім үшін келгенін сараптап, ой елегінен өткізіп, өткен өміріне зер салады. Мағжан Жұмабаевтың сөзін қайталап, «Өткен күн жеткізбейді ол бір тұлпар» десек те анда-санда өзімізге есеп беріп отырғанымыз артық емес-ау деген ойға кетесің.
Сондай-ақ, атамекенді жырға қосу, дәріптеу – әр ақынның перзенттік парызы. Оған Маралтай «Көне Тараз» деген өлеңін арнапты:
Ниет еткен мұсылмандай намазға,
Ниет етіп ғазал төктім қағазға.
Ғасырлардың саусағында нұр шашқан,
Гауһар жүзік секілденген Таразға.
Бұл жыр жолдарын оқи отырып әрбір жас, әрбір перзент өзінің Отан алдындағы міндетін, туған жерінің тарихын, әдебиетін, мәдениетін, географиялық жағдайын, экономикалық хал-ахуалын бес саусағындай білуі керек және азамат болғанда пайдасын тигізіп, өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосуы керек, ел, жер тарихы қа­шанда бізді толғандыру керек деген ой келеді.
Сөз зергері Шерхан Мұртазаның «Маралтай­дың Кентавры – көз алдыңа гауһардай поэзия тілінде оралғанда, ежелгі қазақ жырларының көсемі «Қобыланды» дастанындағы «Көлденең жатқан көк тасты сазбалшықтай илейтін» Тайбурылдың тұяғы елестей береді», – деп ерекше баға берді емес пе? Маралтай ақын туралы кезінде Тұманбай Молдағалиев «Маралтай­дың қай өлеңінен де үзінді алып, оны үздіге мақтауға әбден болады» деген пікірі қандай, шіркін?
«Тұлпарға мінген ұлы даланың
Тарпаң мінезді ұлы боламын.
Жауларым семсер сілтеген сәтте
Қиылған талай гүлім, қарағым.
«Тереңдеп кеткен әжімің» деме,
Бүгінге қарап қажыдым неге?
Сұңқарлар анау торғайға түсіп,
Естілмей кетті-ау қаз үні көлде», – деп жырлайды Маралтай ақын қазіргі құйтырқы заманда кездесіп жатқан дүниелерді, іс-әрекеттерді сана сүзгісінен өткізе келе жүрегімен ұғып, тереңін бағдарлап. Не деген­мен ақын мен уақыт – егіз. Ақынды уақыт туғызады. Орыстың белгілі ақыны Марина Цветаева: «Өлеңге құлып пен кілттің қажеті қанша, өлеңдердің өздері өмірдің кілті болып табылады» деген екен. Маралтайдың сырлы жырларын ұғыну үшін аса бір ерекше қабілеттің керегі шамалы. Ол үшін ой, жүрек, сезім, талғам керек.
Сыншы Әлия Бөпежанова: «Маралтайдың жырында жаңа дүниесезім бар. Оның дауысы – биік деңгейдегі жеке дауыс. Тұтастығынан ажыраған, сондықтан да сонау мықты түп-топырақ, төлтума бастауына түбегейлі қайта оралғысы келетін, бірақ, мұның енді толық мүмкін еместігін саралайтындықтан қайғыға бататын, өз-өзімен қайшылыққа түсетін, осы бір рухани қақтығыстарда жаңа сезім, дүниесезімге шығатын, яғни, жекелікке бет алған қоғам адамының дауысы. Қуанышынан гөрі мұңы басым, «кембағалдық сезімнен» мүлдем ада, бірақ, «тентек» емес, еркін, өте еркін адамның дауысы. Саналы еркіндіктің дауысы. Трагикалық дүниесезіміне қарамастан, жарқын дауыс, жарық болмыс. Сондықтан да Маралтай жырлары әлдебір қуаныш пен мұң сыйлайды, кейіпкерінің, демек, оқырманының да сана қызметінің әр сәттегі ахуалын анықтайды. Оның, әсіресе, махаббат жырларының поэтикалық концепцияларында табиғи тазалық, аса бір нәзік талғампаздық жүлгеленіп жатады», – деп ой түйеді.
«Астана ақшамы» газетінің тілшісі Раушан Төленқызына берген сұхбатында Маралтай былай деп сөз тарқатады: «– 1993 жылы сәуiрдiң 13-i күнi мола аралап жүргенде туған «Әдила» деген өлеңiм. Алматының Ақсай деген ықшамауданының жанында «Алтын бесiк» ауылы бар. «Алтын бесiкте» қалың зират бар. Зиратты аралап келе жатып құлпытастан 15 жасар қыздың фотосуретiн көрдiм. Бiр отбасының жалғыз перзентi екен, «Ұлымның орнына ұл болған, қызымның орнына қыз болған жалғызым» деп жазыпты. Сол арада өзiме де, Құдайға да қалған көңiлiм дүр сiлкiндi. Өлеңдi жүрегiме жаздым… иә… жүрегiме! Өйткенi, өлiлер қаласы тiрiлердiң шаһарындай емес, қалам-қағаз жоқ. Ол жерде жүрегi бардың жүрегi сөйлейдi. Жүрегiммен сөйлеп, жүрегiме жазған соң соншама шынайы шыққан болуы керек, талайдың жүрегiн тербеп, Маралтай дегенде «Әдила» менiң төлқұжатыма айналды». Онысы рас, өмірдің тылсым өрнектері, жұмбақ қатпарлары да адам тағдыры емес пе?
2016 жылдың желтоқсан айында Астанада болған Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті сессиясында Маралтай Райымбекұлы сахнаға шығып «Мәңгілік ел» өлеңін бастар алдында былай деп толғанды: «Аса мәртебелі Нұрсұлтан аға! Сізді бүкіл әлем барша Қазақстан халқының әкесі ретінде таниды. «Нұрлы жолмен» мәңгілікке бет алған ұлы көшіміз мәңгілік тоқтамасын деген ниетпен мен өз ойымды жыр жолдарымен сабақтағым келеді.
«Мәңгілік ел – арманымның асқары,
Мәңгілік ел – бақытымның бастауы.
Мәңгілік ел – тарихымның дастаны,
Мәңгілік ел Нұрлы жолға бастады.
Мәңгілік ел – менің аппақ мұратым,
Болашаққа нұрын шашып тұратын.
Мәңгілік ел – нұрлы жолы қазақтың,
Бар әлемге мойындатар қуатын.
Мәңгілік ел – шежіресі даламның,
Мәңгілік ел – ақ тілеуі анамның.
Мәңгілік ел – мәңгілікке аманат,
Мәңгілік ел – нұрлы жолы бабамның», – деді ақын. Ду қол шапалақ соққан көпшіліктің алдында Елбасы Н.Назарбаев «Жарайсың, Маралтай, аман бол!» деп ризашылығын білдіргені есімізде.
Маралтайдың творчествосы жайлы жаза отырып, оның мына өлең жолдарымен қорытындылағанымыз жөн болар:
«Шаладай бықсып жалғасып жүрер,
Өсек пен соры соңында –
Ақынның арын Алласы білер.
Ал сенің арың қолыңда!»
Кім не айтпасын, Маралтай – шын ақын. Шын ақынның халқына берілмеген борышы да, қайтарылмаған қарызы да, өтелмеген парызы да бар екені белгілі. Ендеше, сиректеу, яғни аз жазатын, аз жазса да саз жазатын талантты ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы мен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Президенттік стипендияның бірнеше дүркін иегері Маралтай Райымбекұлынан әлі де күтеріміз мол.

Сағындық ОРДАБЕКОВ

Comments (0)
Add Comment