Әрбір жұмысқа жауапкершілік пен қатаң бақылау керек

Бүгін қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен кезекті аппараттық кеңесте Тараз қаласының 2026 жылғы қаңтар-ақпан айларының қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, 2026 жылы құрылыс саласы бойынша атқарылатын жұмыстар және проблемалық мәселелер және тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша атқарылатын жұмыстар және проблемалық мәселелер қаралды.

2026 жылдың қаңтар-ақпан айларының қорытындысымен қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша 4 көрсеткіш нақты орындалған. Сонымен қатар, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 29 млрд. 799,6 млн. теңгеге немесе нақты көлем индексі 119,4 пайызға жеткен. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 42,1 мың шаршы метрді құрап, нақты көлем индексі 102,9 пайызға орындалған. Бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 59 млрд. 240,3 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,1 пайызға орындалды. Ал ауылшаруашылық саласында 1 млрд. 36,5 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,8 пайызды құраған. Бұл экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаевтың келтірген мәліметі.

Сондай-ақ жиында сөз алған құрылыс бөлімінің басшысы Дамир Жаманбаев бүгінгі таңда қалада 26 жобалау-сметалық құжаттамалар бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Оның ішінде сараптама қорытындысы алынған 18 жоба және ЖСҚ әзірленіп жатқан 8 жоба бар. Бөлім басшысы тұрғын үй құрылысы мен жаңадан қосылған алқаптардағы жол, су және электр энергиясы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.


Сонымен қатар «Достастық жәрмеңкесі» аясында жасалатын негізгі жобаларды – Төле би даңғылы мен Әл-Фараби көшесінің қиылысында орналасқан Тәуелсіздік монументін қайта құру, «Көне Тараз» тарихи этно-мәдени кешеніндегі Арбат 1, 2, 3 аумағын абаттандыру, көгалдандыру және қайта құру, Төле би даңғылын абаттандыру, көгалдандыру, қайта құру және Төле би даңғылындағы тротуарларды жарықтандыру құрылысы, «Көне Тараз» тарихи этно-мәдени кешені аумағында «Қолөнершілер қалашығы» кешенінің құрылысы» бойынша жасалуға тиісті жоспарларды нақтылады.

Қала әкімдігінің ТЖКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Ғабит Алтаев та бөлімдегі жұмыстар легін баяндады. Сонымен қатар, 2026 жылы басталған жұмыстарды атап өтті. Атап айтқанда, Жібек жолы және Әулиеата аудандарындағы 43 көшеге сыртқы жарықтандыру жүйесін орнату мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленді және көпқабатты тұрғын үйлердің 207 ауласын жарықтандыру жоспарланған. Бөлім меншігіндегі 25 кіші футбол алаңшасына ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу назарда. Сондай-ақ Жібек жолы және Әулиеата ауданы әкімдіктері тарапынан әрқайсысы 8 балалар ойын алаңшасын орнату, 75 аялдама орнату жоспарлануда.

Сонымен қатар Ғабит Серғазыұлы абаттандыру, санитарлық жұмыстар, қоғамдық көлік, ирригациялық жобалар бойынша орындалатын шаруаларды жариялады.

Кеңес қорытындысында қала әкімі Бақытжан Орынбеков әрбір жұмысқа жауапкершілік пен сапа жөнінен қатаң бақылау керектігін айтты.

Тараз қаласының әкімдігі

Comments (0)
Add Comment