Аптап ыстықта не істеу керек?

Шілде айы басталғалы Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы 40 градусқа дейін көтерілді. Осыған орай, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының сарапшылары ыстықтан қалай қорғану керектігі туралы айтты.

«Күннің ысуынан келетін қауіп-қатер көп, адам өлімі көбейеді. Оның себебі, ыстық ауа ағзадағы қан айналым жүйесіне кері әсерін тигізеді. Ағзадағы су жоғалып, қан ұйып қалады. Салдарынан тромб түзіліп, тамырлар қысылады. Сондықтан, ыстық ауа райынан инфаркт, инсульт, қан ұйылу тәрізді қан-тамырлар ауруы көбейеді», — деп хабарлады орталықтың баспасөз қызметі.

Орталықтың алғашқы қағидасы — ғимарат ішіндегі салқын ауаны сақтау. Терезені айқара ашпай, перде мен жалюзиді түсіру қажет. Бұл жағдайда кондиционер таптырмас құрал болар еді, бірақ кондиционер жұмыс істеп тұрған бөлмеде екі сағаттан артық отыруға болмайды.

Екінші қағида — бас киім мен мақтадан тігілген ақшыл түсті киімдер киіп, көлеңкеде жүруге тырысу керек. Жазда міндетті түрде күннен қорғайтын көзілдірік кию қажет, себебі қан тамырларының қысылуынан  көз бұлшықеттеріне қысым түсуі мүмкін.

Үшінші қағида — күн астында 11:00-ге дейін немесе 16:00-ден кейін ғана қыздырынуға болады. Күн астында бір жарым сағаттан артық жатпауға тырысыңыз және күннен қорғайтын құралдарды пайдаланыңыз.

Төртінші қағида — ыстық ауа райында сұйықтықты көп ішіңіз және салқын душ қабылдаңыз. Бұл сұйықтық теңгерімін ұстауға көмектеседі.

Бесінші қағида — алкогольді ішімдіктер дене температурасын едәуір көтереді, сондықтан ыстық ауа райында алкогольді ішімдіктен бас тартқан жөн. Никотин қанға оттегінің келуіне кедергі жасайды, қан тамырларын кішірейтеді, сондықтан ыстық ауа райында шылым шегу де қауіпті.

inform.kz

Comments (0)
Add Comment