Аптап ыстықта құрылысшылар дамылсыз жұмыс жүргізуде

Қордай ауданында биыл өңірлерді дамытуға бағытталған тың жобаларға толы, нәтижесінде әр ауылда қызу тірлік, оңды өзгерістер көп. Қордайда қолға алынған барлық құрылыс нысандарының сапалы іске асуы аудан басшысы Р.Дәулеттің күн тәртібіндегі тұрақты мәселе. Бүгін аудан әкімі жұмыс күнін Әлжан ана ауылындағы бірқатар құрылыс нысандарының жұмыс барысын көруден бастады.

Алдымен аудан әкімінің орынбасары Е.Орынбаевпен бірге «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры есебінен салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс алаңына барып, жауапты тұлғалармен кездесіп, жұмыс барысының жай-күйін бақылады. Қазір спорт нысанының құрылыс жұмыстары қызған шақ. «Спорт нысанының кілті қазан айында тапсырылады», — дейді құрылысшылар.
Осы ауылдағы тағы бір маңызды нысан — Т.Рысқұлов атындағы №23 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Ауданымыздағы ескі мектептердің бірі саналатын білім ордасы жаңарып, жасара түседі деп күтілуде. Мектептің шатырын жаңалау, едені мен терезелерін ауыстыру, жылыту жүйелерін ауыстыру сынды жұмыстар қолға алынып, құрылысшылар әр күнді текке жібермей, нысанды уақытында аяқтауды көздеп отыр екен. Білім ордасын аралап шыққан аудан басшысы құрылыс материалдарының сапалы болуын және нысанның сыртқы жұмыстарына да көңіл бөлу жөнінде бас мердігерге тапсырмалар мен ұсыныстарын жеткізді. Ал, жұмыстың сапалы орындалуын бақылауды аудан әкімінің орынбасары Е.Орынбаевқа тапсырды.
Аудан әкімі ауылдағы жол жөндеу жұмыстарына да көңіл бөліп, көше тұрғындарымен кездесіп, олардың ой-пікірлерін тыңдап, жұмыс барысында сауалдарын назарға алып отыруды тиісті сала басшыларына тапсыратындығын жеткізді. Өз кезегінде ауыл тұрғындары аудан әкіміне ауылда қолға алынған оңды өзгерістерге ризашылықтарын білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.
Осында бір айта кетерлігі, биылғы жылы Әлжан анада ауылішілік 20 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланса, бүгінгі күнге 18 көше толығымен аяқталған.
«Бұл жұмыстардың барлығы халық игілігі, әсіресе жастар үшін іске асып жатыр. Жоба аясындағы атқарылатын жұмыстар тұрғындар сұранысына сай болуы керек», — деген аудан әкімі құрылысшылар мен жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Осы күні Рүстем Рысбайұлы Степной ауылдық округіне қарасты Арал ауылындағы ауыз су жүйесінің құрылысын көріп, жұмыс барысына ризашылығын білдірді. Жаңа су құбыры іске қосылған жағдайда 248 аула, яғни 1500-ден астам ауыл тұрғыны таза ауыз сумен қамтылмақ. Жоспар бойынша сыйымдылығы 150 текше метр екі резервуар-жинақтауыш, сусорғы стансасы және бактерицидтік құрылғы орнатылатын ғимарат салынады. Бүгінде құрылыс жұмыстары келісім-шарт негізінде, жоспарға сай жүруде.
Аудан әкімі Рүстем Дәулет құрылыс нысандарын аралау барысында ауыл тұрғындарына эпидемиологиялық ахуалды ескеріп, барынша санитарлық шараларды сақтау, дәрігерлер нұсқауын ұстану бойынша да кеңестерін берді.

Comments (0)
Add Comment