Аппараттық кеңес

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте «Отбасының цифрлық картасын» өзектендіру және тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу мәселелері қаралды.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтің мәліметінше, облыста 337,1 мың отбасы бар. Оның ішінде 2025 жылдың басында әлеуметтік жағдайы төмен Д және Е санатындағы 98,8 мың отбасы тіркелген. Биылғы 4 қазанға дейін олардың саны 87 562-ге дейін азайған.

Биыл 31 500 отбасы жоғары санатқа ауысқан, ал 18 400 отбасы Д және Е санаттарына қосылған.

23 720 адам жұмыссыз ретінде тіркелген, оның 9 493-і жұмысқа орналастырылған. Жыл соңына дейін 65 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Қазіргі уақытта жұмыспен қамту шараларына 50 мыңға жуық адам еңбекпен тартылған.

Облыс әкімі жауапты басқармалар мен әкімдіктерге халықтың табысын арттыру, жұмыссыздықты азайту, біліммен және әлеуметтік қолдаумен қамту бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиев тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару мәселесі бойынша баяндама жасады.

Облыста 163 полигон жұмыс істейді. Оның 159-ы коммуналдық, ал төртеуі жекеменшік нысан ретінде тіркелген.

Қазіргі таңда осы полигондарда жиналған тұрмыстық қатты қалдықтардың көлемі 3,2 миллион тоннаға жетіп отыр. Оның ішінде 73,3 мың тоннасы жыл басынан бері жинақталған қалдықтар.

Қалдықтарды жинау қызметін дамыту мақсатында облыс аумағында 3654 контейнер орнатылған. Бұл қызметпен облыс тұрғындарының 88,1 пайызы қамтылған.

Дегенмен, бұл көрсеткіш Мойынқұм, Талас және Сарысу аудандарында төмен деңгейде қалып отыр. Себебі, аталған аудандарда қалдықтарды шығару жұмыстары тек аудан орталықтарында ғана жүргізіледі. Салдарынан кездейсоқ қоқыс тасталған орындар жиі анықталуда.

Ербол Қарашөкеев тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару мәселесінің өзектілігін атап өтіп, қоқыс полигондарын ретке келтірудің маңыздылығына назар аударды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтып, әрбір елді мекенде тұрмыстық қалдықтарды жинау және сақтау полигондарының жай-күйі қатаң бақылауда болатынын жеткізді.

Жиын қорытындысында облыс әкімі тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару ісін күшейтуді тапсырды. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне қоқыс өңдеу қондырғыларының орнатылуын және полигондардың санитариялық талаптарға сәйкестігін бақылау жүктелді. Сондай-ақ «Жасыл даму» АҚ-мен бірлескен жобаларды іске асыру, қалдықтарды басқару бағдарламаларын әзірлеуді жеделдету және стихиялық қоқыс үйінділерін жою шаралары тапсырылды. Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» АҚ-ға жол бойындағы аумақтардың тазалығын қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Жамбыл облысының әкімдігі

 

Comments (0)
Add Comment