Анасы қызын наркологиялық диспансерге өткізіп жіберген

Бұл оқиға 2023 жылдың 25 ақпан күні Алматы облысында болған. Талғар ауданының тұрғыны Диана Сабазованың пәтеріне екі бейтаныс жігіт еш ескертусіз кіріп, оны күштеп көлікпен алып кеткен, деп хабарлады Turkystan.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Жәбірленушінің айтуынша, сол күні түске таман курьер тапсырыс берген әтірді пәтерге дейін жеткізіп береді де, кетіп қалды. Санаулы секундтан соң есіктің қоңырауы тағы шырылдаған.

«Курьер бір нәрсені ұмытқан шығар деген оймен еш алаңсыз есікті ашсам еңгезердей екі жігіт тұр. Мен олардан кім екенін сұрап, құжаттарын көрсетуді талап етіп едім, «Диана, шу шығармаңыз. Бізбен бірге жүріңіз» деді. Мен оларға: «Учаскелік полицияны алып келіңіз, содан кейін сөйлесеміз» десем, олар үйге баса көктеп кіріп, менің ұялы телефонымды тартып алды. Сосын жатын бөлмеме кірді. Киімімді солардың көзінше ауыстырдым да бірге далаға шықтым. Содан кейін екеуі көлікке күштеп салды да, алып кетті», – деді Диана Сабазова.

Кейін олар келіншекті Алматыдағы психикасында ауытқуы бар науқастарды емдейтін орталыққа жеткізген.

«Алматыға жеткен кезде «Мақатаев 10 деген мекен-жайға барасың да, анализ тапсырасың. Содан кейін шығасың» деді. Бір түсініспеушілік болған шығар. Қазір анализ тапсырып, үйге қайтамын деп ойладым. Бірақ мені жатқызып тастады, сол жерде заңсыз екпе салды. Қандай екпе салғандарын айтқан да жоқ. Сол екпе маған кері әсерін берді. Менің аузым құрғап, тамағымда бір түйін тұрғандай әсерде жүрдім»,  – дейді жәбірленуші.

Диана Сабазованың айтуынша, оларға дәл осындай тапсырма берген адам – өзінің туған анасы. Ол мұндай сұмдық әрекетке ең жақын жанның қатысы бар екенін сол мекемедегі медбикеден естіген.

«Сол сәтте менің үстіме біреу суық су құйып жібергендей болды. Негізі анамның псхихикалық ауытқуы бар. Соңғы 4-5 жылда біздің мазамызды алып, әбден титықтатып жіберді. Отбасымыздың берекесін қашырды. Барлығына тиіседі. Әкеме де арыз жазды. Кейін әкем менің үйімде тұрды. Шу сол кезден басталған», – дейді Диана.

Жәбірленуші әйел сол наркологиялық диспансерде бір тәулік бойы жатқан. Дәл қазіргі таңда Диана Сабазова өзін үйінен күштеп әкеткен екі жігітті және осы іске қатысы бар заңсыз әрекет жасағандарды жазалауды талап етіп отыр.

https://turkystan.kz/article/217758-anasy-kyzyn-narkologiyalyk-dispanserge-otkizip-zhibergen/
Comments (0)
Add Comment