Жастықпен шалыс басып, бауыр еті баласынан бас тартқан қаракөздер еліміздегі тірі жетімдердің санын көбейтеді. Адасқанды дұрыс жолға бағыттау қоғам міндеті екенін ескерсек, бұл мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды. Еліміздің ірі қалаларынан барар жері, басар тауы болмай, баласымен қалған жас аналар паналайтын «Аналар үйі» ашылғанын бірі білсе, бірі білмейді. Бүгінде кәсіпкерлердің қолдауымен жұмыс істеп жатқан орталықтардың бастамасы оң нәтиже беріп жатқанын статистика көрсетіп отыр.
Осындай дағдарыс орталығы ең бірінші Астана қаласынан ашылды. Он жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Аналар үйіне» барып, тағдыры ұқсас жас, жалғызбасты аналармен тілдесіп қайтқан едік.
«Аналар үйі» деген айдар тағылғанмен, заманауи стильде салынған үш қабатты ғимарат кәдімгі отбасылық баспанадан артық болмаса кем емес. Өтіп бара жатқан адам мұнда бір отбасы тұрады деп ойлауы мүмкін. Өйткені сыртында ешқандай жазу жоқ. «Қыздар ұялатын болған соң, үйдің сыртындағы жазуды алып тастадық», – дейді «Аналар үйі» қоғамдық қорының өңірлік маманы Айжан Диханова.
Есіктің алдында тұрған балалар арбасына қарап, орталықта қанша сәби бар екенін топшыладық.
Астана қаласында орналасқан бұл «Аналар үйінің» құрылғанына биыл он жыл болады. Қоғамдық қор 2013 жылы белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың бастамасымен қанатқақты жоба ретінде ашылған болатын. Кейін бұл идеяны еліміздің әр өңіріндегі кәсіпкерлер қолдады. Осылайша, қазір әр өңірдегі «Аналар үйін» бір-бір меценат қаржыландырып отыр.
Орталыққа келген жас аналарға бас-көз болып отырған Айжан Диханованың бұл жерде жұмыс істеп жатқанына тоғыз жылдан асыпты. Ол мұндағы әрбір жас ананың мінезін, қандай жағдайда келгенін жақсы біледі. Бейнебақылау камерасы арқылы ішкі, сыртқы қауіпсіздікті де өзі бақылап отырады.
«Басында орталыққа пана іздеп келетін жас аналардың саны көп болды. Тіпті, Астана қаласындағы үш үй толып, төртіншісі ашылған болатын. Қазір қиындыққа тап болған жас аналардың саны едәуір азайды. Бүгінде бас қаламызда екі орталық жұмыс істеп тұр. Жұмысымыз нәтиже беріп жатқанына қуанамыз. Жалпы, еліміздің он жеті қаласында жиырма бір «Аналар үйі» бар. Қыздар қателеседі ғой. Болар іс болды. Енді оны өмір бойы жазғырып, кеудесінен итере бергеннен ештеңе өзгере қоймас.
Басында баласынан бас тартқан қыздарға арналған орталық болатын. Мақсатымыз – тірі жетімдердің санын азайту, яғни әке-шешесі қабылдамаған, жігітке алданып қалған жас аналардың баласымен бірге болуына жағдай жасау», – дейді Айжан Диханова.
Маман қоғамдық қор басқа бағытта да жұмыс істейтінін айтады. Атап айтсақ, қиын жағдайға тап болған отбасыларға да қолдау көрсетеді. Кішкентай баласымен жалғыз қалған аналар қордың Балалар үйіне баласын бір жылға қалдыра алады. Бұл – оның жұмыс істеп, аяққа тұрып алуына берілген мүмкіндік.
«Мысалы, төртінші баланы некесіз туғандар бар. Балаға қарайтын адам керек. Ал өзі жұмысқа шыға алмайды. Осындай жағдайда баланы бір жылға Балалар үйіне тапсыра алады. Қазір осындай бағытта да жұмыс істеп жатырмыз. Бізге вакансия ұсынып жататын жағдай да болады. Жас аналардың түрлі курстарға қатысуына, жұмыс істеуіне мүмкіндік жасаймыз», – дейді қоғамдық қор маманы.
Қазір бұрынғыдай емес, «Аналар үйі» туралы көбі біледі. Өйткені орталық емхана, перзентханалармен тығыз байланыста. Ол жерде жұмыс істейтін әлеуметтік психолог қиын жағдайға тап болып, баласын алдыртудан немесе тастап кетуден басқа амал таппай тұрған қыздардың оқиғасын білгеннен кейін орталыққа хабарласады. Сөйтіп, оған ары қарай қолдау көрсетіледі.
«Емханадағы маман жұмысын ауыстыруы мүмкін. Сондықтан ол жерге билборд, өзіміз туралы мәліметтер жазылған қағазды іліп қоямыз. Сосын колледж, мектеп, университеттерде мамандармен бірге кездесулер ұйымдастырамыз. Мұның бәрі ерте жүктіліктің алдын алу үшін жасалып жатқан іс-шара», – дейді Айжан Жақсыбайқызы.
«Аналар үйіне» келген жас аналар мұнда жарты жыл тұра алады. Әрине, одан кейін де барар жері болмай тұрса, тағы да мүмкіндік беріледі. Қиындықты еңсеріп, ес жиғаннан кейін бірлесіп бөлек шығып жатқандар да бар. Осылайша, тығырықтан шығудың амалын бірге табады екен. Ал кейбірі уақыт өте келе жақындарынан қолдау тауып, отбасына оралып жатады. Жас аналардың еңсе көтеруіне психологтың да көмегі тиіп жатқанын айта кету керек.
«Қыздар жігітпен бірге тұрып, алданып қалады. Осындай жағдаймен келетіндер көп. «Азаматтық неке» деп айтады ғой. Олардың аяққа тұрып, ары қарай өмір сүруіне мүмкіндік сыйлауға тырысамыз. «Уақытың бітті, болды» деп ешкіммен санасып отырмаймыз.
Ең бастысы – ата-анасымен, туыстарымен тіл табысуы. Әке-шешесі қабылдаса, біз үшін ең жақсыcы сол. Мұндай жағдайлар көп болды. Өзінің, жігіттің әке-шешесі қабылдап, баланың әкесімен қосылып, отбасы болып кеткендер бар. Әрине, бәрі жас ананың келісімімен болады. Баланың әкесі қателігін түсініп, орталыққа келіп, алып кеткен жағдайлар да болды.
Сондай бір отбасы қазіргі Қонаев қаласында тұрып жатыр. Жігіт пен қыз Алматыда азаматтық некеде тұрған. Ұрсысып қалған соң қыз Астанаға келеді. Өзінің аяғы ауыр. Баланы алдырып тастамақшы болды. Мамандар оны райынан қайтарды. Сөйтіп, орталығымызда бір жыл тұрды. Бала өмірге келген соң жақындарының жүрегі жіби бастады. Баланың әкесінің де мейірімі оянып, Алматыдан келіп алып кетті. Екеуі бас қосып, тағы екі қызы өмірге келді. Қазір де хабарласып тұрады.
Мұндағы әрбір сәбиге бауыр басып қалғаным соншалық, кетерде қимай жылап қаламын. Бізден кеткен қыздардың арасында бізді әлі күнге дейін ұмытпай, қонаққа шақырып тұратындары да бар», – дейді Айжан Диханова.
Біз келген «Ана үйінде» сегіз жас ана мен жеті сәби бар екен. Жалғызбасты аналардың екеуі жүкті. Олардың мұнда келгеніне бір ай ғана болыпты. Келушілердің екеуі жұмыс істейді.
Үш қабатты үйдің бірінші қабатында азық-түлік қоятын бөлме және балалар ойнайтын жер бар. Ал екінші қабатта асхана, теледидар көріп, демалатын бөлме және үлкен зал орналасқан. Үшінші қабатта жатын бөлмелер бар. Бір бөлмеде екі-үш ана ұйықтайды. Ортада кітап оқитын орын бар.
Мұнда сәбилерге қажетті жөргек, дәрі-дәрмек, тамақ – бәрі беріледі. Ал жас аналар үйді кезекпен жинап, асханада ас әзірлейді. Сөйтіп, бір отбасының адамдарындай тату болып, дастарқан басына жиналады.
Психолог күн сайын келіп, жас аналарды жеке қабылдайды екен. Маманның кеңесі жас аналарға үлкен демеу. Әсіресе, жаңадан келгендер стресс жағдайында жүреді емес пе?
Біз барғанда үйдің ішіне тыныштық орнаған, сәбилердің көбі ұйықтап жатыр екен. Осы сәтті пайдаланып, жаны қиналған жас аналарды сөзге тарттық. Олардың бәрі атын өзгертуді өтінді. Бірінші кейіпкеріміз Айманның мұнда келгеніне бір апта ғана болыпты. Бір жастан асқан баласын ойыншыққа алдандырып тұрған ананың жасы 35-те екен.
«Отыз жасымда тұрмысқа шығып, балалы болдым. Алматы облысынанмын. Күйеуім екеуіміз оның жұмысымен Астанаға келдік. Ол тапсырыспен жиһаз жасайды, өзім супермаркетте жұмыс істегенмін. Ренжісіп қалғаннан кейін қайда барарымды білмедім. Бұл орталықты көршім тауып берді. Ұнап жатыр, балам балалармен ойнап жақсы болып қалды. Өз ата-анама айтқым келмеді. Түскен жұртым хабарласып «қайт» деп жатыр. Күйеуім қателігін түсініп, кешірім сұрап келсе, көрерміз. Осы қиындықты жеңіп, аяққа тұрып кеткім келеді», – дейді ол.
Келесі кейіпкеріміз Назым басынан өткен жайтты ақтарыла айтқанмен, өзін суретке түсірмеуді өтінді. Жүктіліктің соңғы айларында жүрген ананың өтінішін орындап, әңгімесіне құлақ түрдік. 31 жастағы келіншектің қазір үшінші сәбиіне аяғы ауыр екен. Екі некесі де сәтсіз аяқталған Назым ер-азаматтардан көңілі қалғанын айтады.
«Түркістан қаласынан келдім. Құрсағымдағы сәби екінші некемнен. Бірінші құрған отбасымызда екі бала өмірге келді. Басында бәрі жақсы болды. Тұрмыстағы қайын бикем Түркияда тұратын. Кейін күйеуімен ажырасып, бізге келді. Ол қалай келді, отбасымыздың шырқы бұзылды. Ортамызға түсетін. Содан жолдасым ішетін болды. Күйеуімнің отбасында екі бала: өзі мен осы әпкесі ғана. Ата-енем бала сүйе алмаған болу керек. Кейін екеуін де асырап алғанын білдім, яғни биологиялық ата-анасы бөлек екен.
Отбасы болуға тырыстым. Бірақ татулық болмады. Жұмыс жоқ, күн көру де қиын болып кетті. Содан жолдасыма «Бала болмай тұрып Астанаға барып жұмыс істейік» дедім. Тыңдамады. Күнде ішіп, қолына пышақ алып қуа бастаған соң балаларым қорқып, «кетейік» деді. Үлкенім қыз, мектепте оқиды, ұлым биыл мектепке барады», – дейді Назым.
«Тараздың жігіті болатын. Жұмысы жоқ, түрмеге отырып шыққан деп шеттетпедім. Өзі де басында «Бәрі жақсы болады» деп сендірді. Маусым айында таныстық. Сөйтіп, заңды некеге тұруға арыз беріп, 1 тамызда баратын болдық. «Енді жақсы отбасы болатын шығармын» деген үміт болды. Анасымен де таныстырды. Балаларыммен бәріміз бірге тұрдық. Кейін жігітімнің анасы балаларымды жақтырмаған соң ата-анама апарып тастадым.
1 тамыз күні бармадым. Өйткені жігіттің әңгімесінен күдіктене бастадым. «Қалай болады, көрейін» деп жүргенде аяғымның ауыр екенін білдім. Бұл жаңалықты жігітіме айтқанда қуанды. Алайда анасы оң қабақ танытпады. Содан жігітім ішіп келіп, «Сен келгелі анам ауырып қалып жатыр, кетіп қалды» деп ұратынды шығарды. Бір күні ұрып, үйіне жалғыз өзімді тастап кетті. Анасы да кетіп қалған болатын. Содан кейін полицияға хабарластым, сол кісілер осы жерді тауып берді. Ол артымнан келгенде түрін көргім келмей, үйінің кілтін полициядан беріп жібердім.
Қазір жұмыс істеп жүрмін. Жұмысым таңғы тоғызда басталып, кешкі алтыда аяқталады. Күніне жеті мың теңге төлейді. Бастықтарым жағдайымды түсініп көмек беріп жатыр. Оқу бағдарламасы қиын болғандықтан қызымды ауылдағы ақылы мектепке бергенмін. Ол жерде сабағын оқытады, тамағын береді. Қажетті заттарын, оқуының ақшасын жіберіп тұрамын.
Ол жігітті басында жақсы көрген едім. Қазір ойланып, оның маған деген сезімі болмаған шығар деген ой келеді. Бәлкім, түрмеден шыққаннан кейін бір жылылық іздеген болар. Енді осыдан сабақ алып, өз ұлымды спортқа беріп, қыздарды жылатпайтын нағыз ер-азамат етіп тәрбиелегім келеді», – деп әңгімесін аяқтады ол.
Бұдан кейінгі кейіпкеріміз Александраның мұнда келгеніне үш ай болыпты. «Аналар үйінен» кездестірген жалғыз өзге ұлт өкілі де осы болды. Тоғыз айлық баласын ұйықтатып, бізге басынан өткен оқиғасын баяндап берген жас ана бір жыл бойы сөйлесіп, азаматтық некеде тұрған жігіті отбасылық өмірге дайын болмай шыққанын айтады. Қолымдағы алты айлық баласымен қайда барарын білмей қиналып жүргенде туысқан әпкесінен «Аналар үйі» туралы естіген екен.
«Қиын жағдайға түсіп, қаражатым таусылған соң осы жерге келдім. Әкем Солтүстік Қазақстан облысына қарасты ауылда тұрады. Анам өмірден өткен. Отбасында жалғыз баламын. Анам жақтан туысқан үш әпкем бар.
Жігітіммен сөйлесіп жүргенде ол 30 жаста, мен 21 жаста едім. Ол отбасы болып, бала сүйгісі келетінін айтатын. Бірге тұрғаннан кейін аяғым ауыр болып, өмірге сәби әкелдім. Басында бәрі жақсы болды. Баламның әкесі көлік бояумен айналысады. Тапсырыс бойынша әр қалаға барып жұмыс істейді. Қыс уақыты, желтоқсан айы болатын. «Жүр, сендерді әпкеңе апарып тастайын. Көп ұзамай алып кетемін» деді де, өзі қаражат табу үшін басқа қалаға кетті. Содан бір апта, екі апта өтті. Хабар жоқ. Ақшам таусыла бастады, балаға тамақ керек. Ол сол кеткеннен оралмады…
Әпкем үш баласымен қуықтай ғана бір бөлмелі пәтерде тұрады. Маған қалай көмектессін? Содан жалғызбасты аналар паналайтын осындай жер бар екенін айтты. Естіген бойда келдім, ұнап жатыр. Келгенімізге үш айдан асып барады.
Баламның әкесінің анасымен жақсы қарым-қатынастамын. Ол анасына жақында үйленетінін айтыпты. Ол кісі біздің жағдайымыздан бейхабар. «Сендер бірге емессіңдер ме? Ол маған осылай деп айтты» деп тұр. Содан не болғанын айтып бердім. Негізі, осы жерге келгенде баламның әкесімен бір рет сөйлескен болатынбыз. Аздаған қаражат жіберді. Бірақ анасынан әлгі хабарды естігеннен кейін нөмірін ауыстырыпты.
Өткенге өкінгеннен не пайда? Ең бастысы, балам бар. Бар алданышым – сол. Енді өзімді қолға алып, жұмыс істесем деймін. Мектепке дейінгі тәрбие мамандығын бітіргенмін. Тамыз айында баламды балабақшаға беріп, жұмыс істесем деп отырмын. Балам кішкентай, бірақ амал жоқ. Күн көру керек.
Қыздарға асығыстық жасамай, жігітті жақсы танып-біліңдер деп кеңес айтар едім. Ертең бала әкесіз өспеуі үшін жақсылап ойлану керек екен. Маған бір жылдың өзі аздық етіпті. Жастықпен асығыстық жасаппын», – дейді көмейіне өксік тығылған Александра.
Бұдан кейін Көкшетау қаласынан келген Мадинамен сөйлестік. 25 жастағы жас ана «Аналар үйіне» аяғы ауыр кезде келіп, осы жерде жүріп босанып, ұл баланы өмірге әкеліпті. Ол сәбиі өмірге келгеннен кейін азаматтық некеде тұрған жігітінің әкелік сезімі оянып, хабарласып жүргенін айтады.
«Үш жыл бірге тұрдық. Оның анасымен арамыз дұрыс болмады. Демалыс орнында жұмыс істейтінмін. Жұмысқа үш тәулікке кетемін. Қайта-қайта хабарласып, мазалайтын. Содан сөзге келіп қалып, Астанаға кеттім. Осы «Аналар үйіне» келген соң босандым, Айжан тәте қасымда болды.
Ата-анама айтуға қорықтым. Болған жағдайды босанғаннан кейін бір апта өткенде айттым. «Басында айтпадың ба?» деді. Сөйтіп, қырқынан шығарғанда барып қайттым. Ештеңеге өкінбеймін. Баламның әкесі хабарласып тұрады, көмектеседі. Анасы да «баламның суретін көрсетші» деп сұрап тұрады екен. Енді қайтадан қосылсақ па деген ой бар. Бір-екі аптада Көкшетауға жол жүрейін деп отырмын. Бізге пана болған «Аналар үйіне» мың алғыс», – дейді Мадина.
Мұндағы жас аналардың ең кішісі – Нұржамал. 2000 жылы өмірге келген ол өзге елден қоныс аударған қандасымыз. 7-сыныптан бір мектепте оқып, дос болған жігітпен заңды түрде неке қиып, отбасын құрғаннан кейін елге келген екен. Отбасылық өмірі небәрі тоғыз айға ғана созылыпты. Күйеуі мен қайын ағасы қырқынан шықпаған сәбиімен үйінен қуып шыққанын айтқан жас ана көз жасына ерік берді.
«Әкем бес жасымда өмірден өткен. Анам мен екі інім бар. Олар өзге елде тұрады. 21 жасымда өзіммен қатар, жақсы дос болған жігітке тұрмысқа шықтым. Аяғым ауыр болғанға дейін жақсы қарап, қалағанымды алып беретін. Кейін өзгере бастады. Негізі, бұрын аздап ішетіні бар еді. Оны қойдырып аламын деп ойлайтынмын. Олай болмайды екен.
Астанада тұрдық. Павлодардағы оқу орнында IT саласы бойынша білім алып жатырмын. Мен сабаққа кеткенде ол өзге қызбен сөйлесіп жүргенін білдім. Содан кейін ренжісіп қалып, қызым қырқынан шықпай жатып үйінен қуып шықты. Бірақ баланы алып қалмақшы болған еді, полиция шақырып өзіме алып алдым.
Қайын ағаларым әлі күнге дейін хабарласып, «Баланы өзіміз аламыз. Сен ештеңе істей алмайсың» деп қорқытады.
Қызыма үш ай болды. Менде стресс болған соң сүт шықпай қойды. Қоспамен қоректенеді. Қатты мазасыз емес. Өскен соң әкесін іздеп жатса, араласуына қарсы емеспін. Биыл соңғы курста оқып жатырмын. Жазда диплом аламын. Мұғалімдер жағдайымды түсініп, онлайн оқуға рұқсат берді. Диплом алған соң жұмыс істеп, қызым жақсы өмір сүруі үшін барымды саламын. Қазір баланың заттарының бәрі қымбат. Сондықтан тынбай жұмыс істеу керек деп ойлаймын», – дейді алдағы күннен үміт күткен жас ана.
Өмірде қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Кейбірі сырттай күліп тұрғанмен, ішінде қандай өкініш жатқанын білдірмей, қиындықпен үнсіз күреседі. Басына түскен ауыртпалықтан арылуға, алға қадам басуға ұмтылған жандардың үміті үзілмесе дейсің.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ