«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек»

Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді.

Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі жастардың сұранысындағы әндерге байланысты пікір білдірді. Оның Jas Qazaq-қа берген сұхбатында өнерді бақылайтын арнайы органның болғаны дұрыс екенін жеткізді.

«Жастардың көбісі әуенге еліктейді. Ал сөздің мәтініне мән бере бермейтін секілді. Қазір ешқандай бақылау жоқ. Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек. Кім не айтқысы келеді, соны айтып жатыр. Әнде де сүзгі болуы керек. Кім не айтады, соны айта беретін болса, ол – өнер болмайды! Өнер болған соң белгілі бір таразы мен өлшемі болуы керек. Сонда сөзде де мән, әнде де әуез болады» — дейді ақын.

Асқар Дүйсенбі жастардың қазіргі ән талғамы өзгеше деп бағалайды. Тіпті, жаңа тенденцияға қалам тартуға жүрексінетінін де жеткізді.
“Қазір жеңіл, күнделікті тұрмыста қолданатын, көше сөздері қолданылған жеңіл әндер трендте. Онда көркемдік болмауы мүмкін. Алайда негізгі бағыт әуенге басымдық беріледі. Сол себепті жастар тек әуенге еліктейді. Оның сөзіне мән бермейді.

Қазіргі шығып жатқан жас толқын әншілерді көп тыңдаймын, қарап отырамын. Кім, қай бағытта ән орындап, өнерді дамытып жатыр деп қараймын. Мысалы, «91» тобының жанкүйері емеспін. Жаңа шыға бастаған кезден бастап-ақ, қарап, тыңдап көрдім. Жаңа заманның бағыты шығар, әрине! Бірақ әндерінің мәтіндеріне көңілім толмайды. Сол секілді Калифарния деген де бар,”- дейді ақын.

Асқар Дүйсенбі белгілі композитор Арман Дүйсеновпен шығармашылық байланыста болған еді. Димаш Құдайберген, Қайрат Нұртас, Тамара Асар сынды әншілердің орындауындағы әндерге сөз жазған ақын. Қазіргі жастардың талғамына сай болуға жүрексінсе де, ұсыныс түссе, бұл бағытта қалам тербеуге дайын екенін жеткізді.

Олжас Әбдіхалық

«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді

Comments (0)
Add Comment