ALTYNSARIN INSTITUTE-ДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖОЛ КАРТАСЫ ӘЗІРЛЕНДІ

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты мен Набережные Челны мемлекеттік педагогикалық университеті арасындағы ынтымақтастық туралы Жол картасын іске асыру аясында онлайн-кездесу өтті.

«Тарих және өнер» факультетініне қарасты «6В01601 – Тарих» білім беру бағдарламасының ұйымдастыруымен жүзеге асқан шараға НМПУ-дегі «Тарих-география» факультетінің «Тарих, география және оқыту әдістемесі» кафедрасының профессор оқытушылар құрамы қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – қос бірдей білім мекемелерінің халықаралық ынтымақтастығын нығайту, білім бағдарламаларымен танысып, жұмыс жоспарларын талқылау.

Шараның алғы сөзінде «Тарих және өнер» факультетінің деканы, филос.ғ.к., Г.С.Конкина: «Студенттерді күндізгі бөлімге қабылдаудың және академиялық ұтқырлықты кеңейтудің оң динамикасы біз үшін өте маңызды. Біздің бұл кездесуіміз тарихи зерттеулер, оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығы саласындағы жұмыстың негізгі бағыттарын анықтауға сеп болатынан сенім білдіремін. Достық ынтымақтастығымыздың ғұмыры ұзақ болғай!», – деп, атап өтті.

Ресейлік әріптестермен өрбіген кездесуде аға оқытушы И.К.Адильбеков модераторлық етіп, факультеттің және білім беру бағдарламасының жұмыс бағытымен таныстырды. Сонымен қатар,  «6В01601 – Тарих» білім беру бағдарламасының жетекшісі Г.С.Каненова ғылыми-зерттеу және педагогикалық жұмыстың негізгі бағыттары туралы тілге тиек етіп, соңғы үш жылдағы жұмыс нәтижелері туралы хабардар етті.

Кездесу барысында ресейлік оқу орнындағы «Тарих-география» факультетінің деканы В.А.Красильников пен «Тарих, география және оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі И.В.Корнилова уағдаластықтың оқытуда ұтымды өзгерістерге, жаңа бастамалардың ұйытқысы болатындығына күмән келтірмейтіндіктерін жеткізіп, өз жұмыстарының жай-жапсарынан тың ақпараттар легін ұсынды.

Айта кетейік, ZOOM платоформасында жүзеге асқан кездесуде қатысушылардың назарына Арқалық қаласы және Altynsarin institute туралы таныстыру бейнефильмі ұсынылды.

Жиынның қорытынды бөлімінде тарих пәнінің аға оқытушылары Елеусов Б.А., Бижанова Г.Х., Өтеулі М.С. ынтымақтастық жол картасын жүзеге асыруға үлкен ықылас танытып, алғыстарын білдірді.

Нәтижесінде, академиялық жоспарлар салыстырылып, осы жылдың наурыз айында кезекті кездесу өткізу туралы шешім қабылданды.

 

 

Altynsarin institute

Маркетинг және коммуникация бөлімі

Comments (0)
Add Comment