Демография – кез келген ел үшін аса маңызды мәселе. Өйткені қай мемлекеттің де дамуына халық саны ықпал етеді. Еліміз егемендігін жариялаған сәттен бастап-ақ бірден өзінің территориясын сақтап, қауіпсіздікті ойлау үшін демографиялық ахуалды жақсартуға ерекше екпін түсірді. Мемлекет басшысы да жыл сайынғы Жолдауының бiр тармағын демографиялық ахуалға арнайды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы: «Қиындығы көп болған тоқсаныншы жылдарда халық саны күрт азайды. Біз қазіргі таңда осы демографиялық құлдырауды еңсердік. Бұл еліміздің тұрақты дамуының айқын көрінісі деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, азаматтарымыз өз ұрпағының жарқын болашағына және еліміздің ертеңіне сеніммен қарайды. Бұл – Әділетті Қазақстанды құруға қажетті ең басты қағидат», – деген болатын.
Әрине, өңірлердің қуатты болуы да халықтың санымен өлшенетіні белгілі. Ол үшін ана мен баланың денсаулығын қорғау, көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын көтеру секілді маңызды міндеттер жүзеге асырылуда. Бұл тұрғыда Тараз қаласында да жүйелі жұмыстар қолға алынып, демографиялық ахуал жақсарып келеді.