Күдікті бұл жолы да медициналық бетпердемен бетін тұмшалап алған. Тек екі көзі көрінетіндей тесіп алыпты. Бірінші болып куәгерлердің арасынан шұжық сататын дүкенші сөйледі. Ол өзіне қарата алмай жүрген Асхат Иманқосовты бірден таныды.
«Ол карантин біткен кезде бетпердемен келіп жүрді. Еш нәрсе сатып алмайтын, сөйлемейтін. Жәй ғана тұратын. Осылай 2 айда бір соғатын. Мен одан не үшін келіп жүрсің деп сұрадым. Ол «бұрын осында тұрғанмын. Базарға келу ескі әдетім» деді. Сондай ақ ол өзін сотпын деп таныстырды. Астанада істейтінін айтты. Бір рет кездесуге шақырған болатын. Мен бас тарттым. Соңғы рет келген кезде қолынан целофаннан жасалған қолғапты байқадым. Ол бас салынған пакетті тоңазытқыштың жанына тастап кетті», — дейді сатушы.
Келесі гүл сатушы болып істейтін ашынасы сөйледі. Екеуі екі жарым жыл бірге тұрыпты. Ең қызығы өзін Асхат емес, Асқар деп таныстырған, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істейтінін айтыпты.
«Жұмыстан келсем «Сен КТК-ның жаңалықтарын көрдің бе?» деп сұрады. Жоқ деп жауап бердім. Сөйтіп, ол менің телефонымнан сюжетті көрсетіп, «енді мен сені күнде жұмыстан кейін күтіп аламын» деді. Негізі ол мұндайды істеді дегенге сенбеймін. Иә, тұйық болатын. Бірақ жақсы адам», — деді ашынасы.
Осы сөздерден кейін күдікті өзін жақсы жағынан көрсеткісі келді ме, әлде жүрегі елжіреп кетті ме, белгісіз. Әйтеуір, демі жетпей, су сұрап жылап жіберді. Кейін Асхат Иманқосовты вокзалдан көрген куәгер жауап қатты. Көбісінің көргені бір: күдіктінің қолындағы целлофан қолғап. Десе де, куәгерлердің бәрі келмеді. Өзгелерінің тұрғылықты мекен жайы жоқ екен.
Еске салайық, жантүршігерлік оқиға биыл көктемде болған еді. Алматыдағы базарлардың бірінен пакетке салынған бас табылып, дүйім ел шулаған. Марқұм 1976 жылы туған әйел. Бұрын есірткі қылмысы үшін бірнеше рет сотталған. Оның денесінбазар жанындағы қараусыз ғимараттың маңынан табылды. 2 аптаға жетпей 61 жастағы күдікті құрықталды. Қазір оған адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр. Қылмысы дәлелденсе, Иманқосов кемі 15 жылы немесе өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.