ІІМ отандық ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, ел аумағында алаяқтық қызметтің жолын кесу жұмыстарын жалғастырып келеді.
Республиканың аумағында түрлі мессенджерлер арқылы қазақстандықтарға қоңырау шалу үшін интернет-алаяқтар sim-box құрылғыларын пайдаланады. Адамдарды алдау үшін қылмыскерлердің белгілі бір елде болуы міндетті емес. Sim-box құрылғыларының болуы жеткілікті. Олар жергілікті ұялы байланыс операторларының интернет–трафигін қолдана отырып, жалған нөмірлермен байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Жаңа жыл қарсаңында ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің үйлестіруімен Алматы ПД полиция қызметкерлері жалдамалы пәтерде sim-box құрылғысының үздіксіз жұмысын қамтамасыз еткен 25 жастағы екі жігітті ұстады. Жедел уәкілдер пәтерді тінту кезінде әрқайсысы 32 слоттық төрт sim-box құрылғысын және қазақстандық ұялы байланыс операторларының 190 sim-картасын, бірнеше телефон мен ноутбуктарды тәркіледі.
Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталғандарға қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды.
фото: polisia.kz
https://turkystan.kz/article/254030-almatyda-alaiaktardan-190-sim-karta-t-rkilendi