Алматы облысында қабаған иттер 52 жастағы әйелді талап тастаған

Желіде иттердің әйелге шабуыл жасаған сәтінің кадрлары тарады. Видео Алматы облысында түсірілген. 

Оқиға 17 ақпанда Алматы облысындағы Қарасай ауданына қарасты Ұмтыл ауылдық округінде болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, бір үйдің ауласында иттер үйірі 52 жастағы әйелге тап берген. Жәбірленуші көп жарақат алған. Оған медициналық көмек көрсетілді.

Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.

“52 жастағы әйелге иттердің шабуыл жасауы фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазір соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен әкімдік өкілдері жұмыс істеп жатыр”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ққиғаның мән-жайы анықталып, процессуалдық тексеру жүргізіліп жатыр.

Полиция иттердің иесі ретінде 60 жастағы күдіктіні анықтады. Мәліметке сәйкес, жәбірленушінің көршісі өз үйінің аумағында 20-25 ит ұстаған. Ер адам Қарасай аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полицияның деректеріне сүйенсек, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ол заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке де тартылған.

Жануарларды аулаумен айналысатын мердігер ұйым – ЖК “Абдыкалов”. Бүгінде оқиға болған мекенжайда қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Бурабайда қаңғыбас иттерді атқан қызметкердің оғы адамға тиіп кеткені хабарланған еді.

Stan.kz

Фото: depositphotos.com

Comments (0)
Add Comment