Алматы облысы Қарасай ауданында «Батыр бабалар» тарихи мемориалды музейі бар. Мұражайда қазақ батырлары мен қолбасшылары туралы тарихи деректер мен жәдігерлер сақталған. Солардың қатарында Кенесары ханның қарындасы Бопай ханымның қылышын да көруге болады деп хабарлады turkystan.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Музей бір залдан және 3 экспонаттар бөлімінен тұрады. Қару-жарақ бөлімінде қазақ батырларының майдан даласында ұстаған соғыс қарулары бар. Қөлөнер шебері Дәулет Шоқпаров жасаған батыр сауытын, жүзі өткір айбалта мен сақетер қойылған.
– «Құнды жәдігерлердің бірі – 1845 жылы жасалынған Кенесары ханның қарындасы әйгілі Бопай ханым қылышы. Бұл қылыш 1845 жылы Санкт- Петербург қаласында әкелі балалы Николай Вильгельм Шафпен пен Людвиг Вильгельм Шафтың шеберханасында жасалған, – дейді «Батыр бабалар» мемориалды музейінің меңгерушісі Орынбасар Әлім.
Бопай ханым Кенесарының барлық шайқастарына қатысқан. Ол 600 сарбаздан тұратын ерекше топты басқарды. Ұлт-азаттық көтеріліс кезінде патша әскерінің жасақтарына жорықтар жасады. Ұрпақтан ұрпаққа сақталып келе жатқан қылышты музейге Айдар Тастеміров табыстаған. Темірден соғылған қылыштың жалпы ұзындығы – 98 см.