Америка мен Еуропа тұрғындары 70-жылдардан бастап үйлердің қабырғасына, көпірлерге, көлік тұрақтарына, тіпті жолдың үстіндегі шимай-шатпақ жазу мен көркем суреттерді өнерге теңеп, бұған субмәдениет түрі ретінде қараған. Бұл іспен 1999 жылдан бастап айналысқан қандасымыз Көкхан Қазақ Түркияда да мұны өнер ретінде мойындатуға барын салған. Ыстанбұлда бірінші рет граффити шеберлерінің басын қосып, екі ірі фестиваль өткізген ол кейін Дубайда Гиннес рекордтар кітабына енген қос граффитиді салуға атсалысқан. Кезінде Қазақстанға «Атажұртта қаламын. Түркияға қайтпаймын» деп келген, бірақ кейіннен Түркияға қайтуға мәжбүр болған Көкханға хабарласып, әңгімелескен едік.
– Түркия қазақтары ол елдегі граффити өнерінің дамуына үлес қосқан суретші ретінде сізді үнемі атайды. Бертінге дейін өнер ретінде мойындалмаған стрит-артпен айналысуға не түрткі болды? Бәрі хоббиден басталған болар, әлде өскен ортаңыз әсер етті ме?
– Бәрі сол хоббиден басталды. Мен Ыстанбұл қаласында дүниеге келгенмін. Ыстанбұлдың қазақ көп шоғырланған Зейтүнбұрны ауданында өсіп-өндім. Ал граффити үлкен қалалардың тұрмыс сапасы төмен, инфрақұрылымы шамалы гетто аудандарында көп салынады, тиісінше сол аудандарда салынатын түрлі түсті туындылар арқылы дамиды. Бұрынырақта біз туып-өскен Зейтүнбұрны аймағы Ыстанбұлдағы қауіпті аудандар қатарына кіретін. Сол кезде біз жақтағы көшелерде көп сурет салынатын еді. Ыстанбұлда тұрсам да, атажұртым Қазақстанға жиі барамын. Сол секілді Германияда тұратын түріктер сол уақытта Ыстанбұлға
– Көше қабырғаларына сурет салып жүргеніңізді байқаған ата-анаңыз бұл іспен айналысуыңызға қарсы болмады ма?
– Әдепкіде қарсы болды. Бірақ мен үйден қашып шығып, көшеге сурет салып келетін едім (күліп). Бала кезімде түнге таман «Досымның үйіне барамын» деп сұранып шығамын да, таңға дейін қабырғаларға, пойыздарға, көпірлерге сурет салып, таң ата бастағанда түк болмағандай үйге тығылып кіремін (күліп). Әлі де түнгі уақытта ара-тұра шығып тұрамын.
– Бізге сіз туралы айтқан көпшілік Түркияда тұңғыш рет граффити фестиваль ұйымдастырғаныңызды айтады. Сізге дейін бұған өнер ретінде қарағандар болмаған ба сонда?
– Болған, бірақ көпшілік ішінде насихаттау жұмысы жүргізілмеген. 2005 жылы бұл фестивальды ұйымдастырар кезде граффитидің ел ойлағандай қылмыс емес екенін, мұның үлкен өнер екенін дәлелдегім келді. Түрлі түсті бояумен әрленген суреттерді тамашалауға келетін Түркиядағы қалың бұқараға таныстыруды көздедім. Бұдан кейін 2007 жылы Ыстанбұлда әлемнің әр түкпірінде бұл өнерге ынтық жандардың басын қосып, халықаралық фестиваль өткіздім. Бұл бастамамды қолдайтын демеушілер, шетелден келген мықты суретшілерге бояулар тауып, сондай-ақ жергілікті әкімшілікпен келісіп, қабырғаларға сурет
– Instagram-дағы жеке парақшаңызда локация жазуылға тиіс тұста «Дубай, Ыстанбұл, Алматы» деп жазулы тұр. Алматыда жұмыс істедіңіз бе, әлде?
– Алматыға Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға тапсырған едім. Бірақ оның алдында Кентау қаласында шетелден қоныс аударған қазақтарға арналған дайындық курсында сегіз ай оқыдым.
– Алып Ыстанбұлдан шағын Кентауға келуге не түрткі болды?
– Ана тілімді үйренейін дедім. Сондай-ақ ұлтымның тарихын, өзімнің шыққан жерімді білгім келді. Осыдан 70 жыл бұрын көппен бірге Түркияға қоныс аударған атамның әкесі – үлкен атам Қазақстан тәуелсіздігін алған соң атажұртына оралуды армандады. Ол кезде ол кісінің жасы 90-ға тақап қалған еді. Қазақстан егемен ел атанған соң үлкен атам «Мен өз жұртыма кетемін. Өлсем өз топырағымда өлейін» деп атажұртымызға қоныс аударды. Мен ол кісіні сол кеткеннен көрмедім, себебі ол бірнеше жылдан соң сонда жан тапсырды. Сол атамның үлгісін алға тартып, атажұртымды көрейін, жас кезімде өз тілімді үйренейін деп Қазақстанға қоныс аудару туралы шешім қабылдадым. Алғашында Алматыда орналасқан ҚазҰУ-ға оқуға тапсырғым келген еді, бірақ ондағылар қандастарды оқуға даярлауға арналған дайындық курсы сол жылдан бастап өткізілмейтінін айтты. Сөйтсем, ол кезде ондай курс Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Кентау қаласындағы филиалында ғана өткізіледі екен. Оған дейін Түркістан, Кентау деген қалалар туралы ештеңе естімегенмін. Алғашында «Кентауға барайын ба? Ол қандай жер?» деп айналамнан сұрастырғаным есімде. «Түркияға қайтсам ба екен?» деген ой да маза бермеді. Қазақстандағы таныс-туыстарым «Кентауға барғың келмесе, Алматыда басқа оқуға тапсыр» деп ақыл айтты. Ойлана келе қаймағы бұзылмаған қазақы ортасы бар Кентауға барып оқығанды жөн көрдім. Онда бізге берілген жатақханада Қытай, Моңғолиядан келген қазақ балалармен етене араластым. Сондай-ақ Түркістанда мен естіген, бірақ бұрын-соңды көрмеген ағайын-туыстарым маған ерекше қамқорлық танытты. Жатақханаға келіп, жағдайыма қарайласып, қала берді, үйлеріне алып кетіп, қонақ етіп күтіп, қайта әкеп тастайтын. Қазақстанға барған кезде қазақша түсінемін, бірақ сөйлей алмайтын едім. Кентауда оқытылған курста қазақ тілі, қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихын оқып, көп нәрсе білдім, көп дерекке қанық болдым. Әлгі курстың көмегі көп тиді. Жаңылыспасам, кешенді тестілеу тапсырғанымда қазақ тілі пәні бойынша берілген 25 сұрақтың 23 сұрағына дұрыс жауап бергенмін.
– Ол уақытта рэпке ерекше қызығып жүрген едім. Бірақ бәрібір қабырғаға сурет салу хоббиім менмұндалап тұратыны анық. Сол кезде бояу таба алмай қиналдым. Бір қабырғаға сурет салу үшін кемінде 20 түрлі бояу сатып алу қажет. Ал бір бояудың құны – шамамен 3-5 АҚШ доллары. Өзім студент болған соң мұндай сомаға бояулар сатып ала алмайтыным белгілі. Бірақ университетте бірнеше іс-шараға араласқаным бар. Ол курста биші, әнші, әртістермен бірге оқығандықтан, сегіз ай өте қызықты өтті. Одан кейін Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының Дизайн факультетіне құжат тапсырдым. Бірақ оқуға түсе алмадым.
– Неге?
– Грантқа түсу үшін ақшам жетпеді. Оған қоса, Қазақстанға жалғыз барған едім. Күн көру үшін жұмыс істеп, нәпақа табу қажет болды. Екінші жағынан, өзім қалаған мамандықта оқуым керек болды.
– Бізде грантқа түсу үшін ақшаның қажеті жоқ қой. Шығармашылық емтихан тапсырдыңыз ба? Бізге оқуға келген қандастарға берілетін арнайы квотаны пайдалана алдыңыз ба?
– Иә, шығармашылық емтихан тапсырдым. Бірақ сол емтиханды тапсырар кезде ондағылар «Ақшаң бар болса ғана гранттың орнын сатып аласың. Біздегі жүйе осындай» деді. Оларға: «Ақшам жоқ. Емтиханға өз күшіммен кіремін. Болмай жатса, көремін» дедім. Ақырында оқуға тапсырған жетеудің алтауы грантқа түсіп, мен ол тізімге кірмей қалдым. Грантқа түсе алмаған соң Алматы секілді ірі мегаполисте қиналатынымды білдім. Сосын студенттерге көмектесетін жанашыр адамдар іздедім. Сол аралықта Түркиядан қарындасымды тұрмысқа бергелі жатқаны туралы хабар келді. Алты баланың үлкені болғандықтан, отбасыммен ол қуанышты бөліспеске болмас. Сөйтіп, Ыстанбұлға қайта келдім. Бірақ бұдан кейін Қазақстанға бара алмадым, себебі мен келген уақытта әскерге бармағандарға бұдан былай шетелге шығуға тыйым салу туралы заң өз күшіне енді. Қазақстанға қанша барғым келсе де, мені әуежайдан ұстап алып, әскерге күштеп әкетер еді. Сөйтіп, Түркияда бірнеше жыл тұрдым. Кейін әлгі заңға өзгеріс енгізілген соң Дубайға барып жұмыс істедім. Онда Гиннесс рекордтар кітабына енген екі үлкен жұмыстың басы-қасында жүрдім.
2 шақырым жерге созылған, әлемдегі ең ұзын граффити – «Рихлятнаны» дүниежүзінен келген 150-ге жуық суретші салды. Сол 150-дің ішінде мен де бармын. Сосын Рас-эль-Хаймада жасаған жобамыз да рекордтар кітабына енді. Одан бөлек, Дубайда Ferrari, Jaguar секілді үлкен маркалармен жұмыс істедім. Сосын көліктерге ерекше қызығушылық танытатын жандар үзбей тамашалайтын Формула-1 жарысының Абу-Дабиде өткен жарысы кезінде үлкен бір граффити салдым. Сол аралықта Түркияға да келіп жұмыс істедім.
– Деректерге сенсек, заманауи граффитидің тарихы сонау 70-жылдардан бастау алады. Бірақ сол кезде Нью-Йорк тұрғындары қаланың ұзын көшелеріндегі қабырғаларға сурет салуды тентектікке балап, суретшілердің бірін түрмеге қамаса, енді біріне ірі көлемде айыппұл төлеткен екен. Граффити өнері Америкадағыдай онша танымал болмаған Түркияда сізге де сес көрсеткендер болған шығар?
– Әлбетте, болды. Ыстанбұлда қабырғаға салған суреттің аяқ жағына Mr C деп жазып кететінмін. Суретке наразы болған көпшілік «Mr C деген кім бұл?» деп мені іздейтін. Мен екенімді білген соң «Ақ түсті бояуыңды алып кел де, мына жерді тазала!» деп ұрысатын. Мен, әрине «Оны салған мен емес» деп мойындамайтын едім (күліп). Жалпы, граффити кезінде белгілі бір ауданды бандиттердің меншіктеп алған жері екенін білдіру үшін салынатын. Қабырғадағы сурет пен жазуда олардың «Бұл – біздің жер. Бұл – біздің қабырға. Мұнда бізден басқа ешкім кіре алмайды. Ешкім мұнда жаза алмайды» дегендей месседжі менмұндалап тұратын. Кейіннен Берлин қабырғасына саяси астары бар жазулар жазыла бастады. 70-80-
– Өнер ретінде мойындалса да, арамызда граффитиді вандализмге теңейтіндер бар.
– Вандализм – граффитидің табиғатында бар дүние. Бұрын Византия, сосын Осман империясына бағынышты болған Ыстанбұлдың сол замандардан қалған мұрасының, жазу мен суретінің үстіне сурет салмауға тырысамын. Ол – анық вандализм. Екі-үш жыл бұрын көпірдің астына сурет салған едім, оны да вандализм деуге келмейді. Өйткені бұл – тарихи мұра емес. Мен жұмыс істегенде ешбір нәрсені сындырмауды, бүтін тұрған нәрсені бүлдірмеуді жіті қадағалаймын.
– Қазақстанға алғаш барғанда «Бұдан кейін Түркияға бармаймын. Осында өмір сүремін, осында өлемін» деп айтқан едім. Т.Жүргеновке грантқа түскен жағдайда Түркияға қайтпас едім. Қазақстанда дизайнер және граффити суретші болып жұмыс істейтін едім.
– Тегіңіз расымен Қазақ па? Әлде бұл өнердегі ныспыңыз ба?
– Тегім – расымен Қазақ. Түркияға көшті бастап келген атамның әкесінен «Тегіңізді қалай жазайық?» деп сұрағанда ол кісі «Біз қазақ ұлтынан тараймыз. Бізден кейінгі ұрпақ қазақ екенін ұмытпасын. Сол үшін тегімізді Қазақ деп жаз» деп айтқан екен. Тегімнің Қазақ екенін естіген жұрт алғашында сенбей таңғалып жатады. Сосын мұның қойылу тарихын айтып, түсіндіріп беремін. Бір қызығы, менің бет-әлпетіме қарап көбі «Қазақ емессің-ау. Таза түріксің» деп сеніңкіремейді (күліп). «Таза қазақпын» десем де, біраз уақыт сенбей қазбалап сұрайды.
– Қазір көздеген мақсатыңыз қандай?
– 1999 жылы бұл істі енді қолға ала бастаған кезде мұның ешқандай да тентектік емес, үлкен өнер ретінде қарастырылғанын қатты армандадым. Бүгінде ол арманым орындалды. Бұйырса, екі күннен кейін қыз айттыруға барамыз. Қазіргі бар ойым, бар уайымым – сол. Барлығын ойдағыдай өткізу үшін ары-бері жүгіріп жүрмін.
– Елге келіп, граффити, мурал салу жоспарда бар ғой?
– Әрине, жоспарда бар. Жоғарыда айтып өткенімдей, Қазақстандағы көп суретшімен жақсы араласамын. Олар бірнеше қабырғаға сурет салуға рұқсат алып қойған. Бұйырса, алдағы уақытта елге барып қалармын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ