Ал сіз, жұбайыңыздың есімін телефонға не деп сақтадыңыз?

Ұялы телефоныма өз әйелімнің атын Хадиша деп жазып қойдым. Кім біледі, оған да бір себептер болған шығар. Өзіне бұл туралы айтқан да жоқпын. Бір күні менің телефонымды алып қолданғысы келді. Қараса, бетінде бір күнде бірнеше рет телефон соғылған Хадиша деген есім тұр. Сол кезде оның өзгерген түрін көрсеңіз. Түрі өзгеріп, өңі қашып кеткені көрініп тұр.
Ашуға булығып тұрып Хадишаның кім екенін сұрады. Мен болсам, абайсызда от тұтанып кетпесін деп жауап бермей тұрмын.
— Айтыңыз, кім ол Хадиша деген. Көзіме тура қарап айтыңыз!
— (Бұдан артық шыдай алмадым). Оның өзінен сұра, маған не дейсің? —  дедім.
— Сұраймын, неге сұрамаймын. Қазір-ақ сұраймын.
Жалма-жан менің телефонымды алды да, Хадиша ханымға телефон соға бастады. Бірнеше сәттен кейін өзінің телефонында қоңырау соғылып жатқанын естіп қалды. Қараса, менің атым шығып тұр. Әйелім аң-таң.
— Менің атым Хадиша емес қой, — деді елеусіз ғана төмен дауыспен. Орындыққа отыра кетті. Өзінің айтқан сөздері мен мінезіне ме әлде менің мынау ісіме ме, әйтеуір, қайран қалып тұр. Мен де осы кезде не айту керектігін жақсы білетін «қу» емеспін бе?
— Неге Хадиша емессің? Сендегі адал әйелге тән сипаттар ше? Терең түсінгің ше? Маған еткен қызметтерің ше? Менің жақсылықтарымды асырып жүргенің ше? Айыптарымды жасыратының ше? Осының бәрі Хадишаға тән мінез-құлық емес пе? Мен қаласам да, қаламасам да, сен менің екі дүниелік серігімсің. Алла қаласа, Фирдаус жәннатындағы қосағымсың. Мен солай болғанын қалаймын.
Бір кезде әйелімнің көзінен мөлдіреген жастары аға бастапты.
Мен әйел тәрбиесіне қатысты сабақты соңына дейін жеткізейін деп: «Енді білдің бе, Хадиша деген кім екенін?», — дедім. Кім ол Хадиша, көзіме тура қарап айт, — деп қоясың. Айтайын енді көзіңе тура қарап: «Хадиша деген, міне, сол адам!» — дедім.
Арада біраз уақыт үнсіздік пайда болды. Содан соң есін жинаған жұбайым: «Алла қаласа, ондай әйел де бола аламын. Сізді ешқашан жерге қаратпаймын», — деді.  Маған да керегі осы еді. Құдайдан тілейтінім де қос дүниеде қосағыммен қоса ағару!
ihsan.kz
Comments (0)
Add Comment