АҚЫНДЫ АЖАЛЫҢ ДА КҮЙРЕТПЕГЕН

Әлгінде бір бейтаныс жас жігіт «Бауыржан досыңыз тым жас кетіпті, неден қайтыс болды?» деп жекеме жазыпты…
Бауыржан Үсенов досымды бүйрегі жиі мазалауды шығарды. Ауруханаға жатып қалатын болды.
Бірақ, есіл ер сыр бермейтін. Ауырып, аунап тұрып, қайтадан студенттердің думанды ортасына қосылып, жасын жырларын оқып, әсем әнін шырқап жүре беретін.
…Желтоқсан көтерілісінде орталық алаңда жастар толқуын басу үшін өрт сөндіретін машиналардан шашқан тастай су Бауыржанның дімкәс қос бүйрегін нысанаға мықтап тұрып алды, білем. Сол бір қаһарлы күндерден кейін Баукең аурухананы жиі жағалай бастады. Қайсар да, өршіл ақын ауруханада төсегіне таңылып жатса да қолынан қаламын тастамай өлеңін жаза берді. Солардың бірі- «Бүйрек туралы жыр».
Ауруы әбден меңдеп, ажалға тіке қарай бастағанда жабырқаған жанына жалау болып, қазақтың тағы бір талантты ұлы, жазушы Есжан Айнабеков болды жанында.
— Баукең үзілерден біршама күн бұрын шомылдырып жатқанымда: «Есжан айтшы, мен өлем бе?» деп тосын сұрақ қойды. Денем түршігіп, жүрегім шымырлап кетті. Көзімнен үзіліп түскен қос тамшыны көрсеткім келмей, жүзімді төмен салдым,- деп еді Есжан дос.
Бес күндік опасыз жалған-ай, Есжандай аузын ашса жүрегі көрінетін, қаламгер досты да сұм ажалдың алып кеткеніне де талай жыл…
БҮЙРЕК ТУРАЛЫ ЖЫР
Бір өксік алқымыма келіп тұрады,
Шулайды көңілімнің көк құрағы.
Бұйығып бүйірімде бүлкілдеген,
Бүйрегім түбі мені жеп тынады.
Бұл жағдай айқын болды атқан
таңдай,
Жүрсемде тірлік кешіп саптан
қалмай.
Қараймын болашаққа күдікпенен,
Алдымда күтіп жатқан қақпан
бардай.
Демі өрт, жарқылдаған ұраны әсем,
Жиырма бес-жолықтың ба жыраға
сен.
Көп болса қиналғанша көнер едім,
Кетеді-ау тағдырыма бірақ есем.
Қасқырдың үйіріндей қоршап қайғы,
Құралай- үміт менен алшақтайды.
Қазы жеп, қымыз ішер қыр қазағы,
Қалайша сүт көжемен жан
сақтайды.
Бүйректен бөлінген у басқа шауып,
Шаба алмай қан қақсайды қасқа
шабыт.
Мезгілсіз тосырқады өлеңім де,
Кезінде сынайтұғын тасқа салып.
Жарасар жастық шақта бәрі дедік.
Жүйкемді көп жұқартты емшілер де,
Қырығы қырық түрлі дәрі беріп.
Төгуші ем той-думанда таңдайдан ән,
Білтесі бітпейтұғын шамдай жанам
Елемей өткізіп ап жылым дертті,
Шыбықша қурағаның қандай жаман.
Әйтеуір бір келеді қаза деген,
Кетеді соны ойласам маза менен
Әйтсе де мойынсұнбай,
Қаламсабым,
Қолымнан түскенінше жаза берем.
Бас өлең, бауыр да өлең, бүйрек те өлең,
Ақынды ажалың да күйретпеген.
Кеудемде жүрек-бұлбұл шыр-шыр
етіп,
Көшімді күн шығысқа сүйреп келем.
Амангелді Әбіл 
Comments (0)
Add Comment