Ақтөбеде боранды күні 100-ден астам адам эвакуацияланды

Ақтөбеде Самара – Шымкент тасжолы жабылып, жолда қалған көліктегі адамдар эвакуацияланды деп хабарлады turkystan.kz.

Өткен тәулікте ауа райы күрт бұзылып, Самара – Шымкент тасжолының бірнеше бөлігі жабылды. Құтқарушылар жедел әрекет етіп, қар құрсауынан 9 адам құтқарылды. Тағы 106 адам эвакуацияланды.

«Барлығы 7 елді мекенде 15 жеңіл көлік, 366 жүк көлігі, 7 жолаушылар автобусы тоқтатылды. 112 құтқару қызметінен 106 жолаушысы бар 2 автобус жүргізушісі көмек сұрады. Құтқарушылар Өзбекстан азаматтарын Әйтеке би ауылының мешітіне орналастырды», – деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Сонымен бірге, Мұғалжар ауданы орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан ауылда 24 жастағы жүкті келіншекке көмек қажет болды. Құтқарушылар әйелді Қандыағаш қаласының ауруханасына аман-есен жеткізді. Ақтөбе облысының ТЖД жолға шығар кезде хабарламаларды ескеруді сұрайды.
Еске салсақ, биыл құтқарушылар жолда қалған адамдарды жылыту бекеттеріне жеткізіп, көмек көрсету жұмыстарын бірнеше рет жүргізді. Ақтөбе облысының 7 ауданында барлығы 596 жеңіл автокөлік, 1 339 жүк көлігі, 23 жолаушылар автобусы тоқтады. ТЖД күшімен қар құрсауында қалған автокөліктерден 13 адам құтқарылды. Барлығы 520 адам эвакуацияланды және 8 жылыту бекетіне орналастырылды.

Comments (0)
Add Comment