Ақтөбеде жол жөндеу маусымының басталғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен жолды сапалы етіп салуға Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары да араласты. Жолшы-ғалымдар өткен жылдан бері облыста жол құрылысына қажетті материалдардың сапасын тексеруді қолға алыпты.
179 жоба және 60,6 миллиард теңге
Аймақта көлік инфрақұрылымын дамыту және жол құрылысы маусымына дайындық шараларына қатысты өткен жиында облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр биыл бұл мақсатта 179 жобаны іске асыруға 60,6 млрд теңге қаржы бөлінгенін айтқан болатын. Қарастырылған қаржының есебінен 82 жоба (430,6 шақырым жергілікті маңызы бар) және 97 жоба (137,1 шақырым қала мен ауылішілік жолдар) жөнделетін болады. Нәтижесінде, жолдардың жақсы және қанағаттанарлық үлесін 83 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Оның айтуынша, республикалық маңызы бар жолдар бойынша
7 жобаны іске асыруға 42,6 млрд теңге қарастырылған. Яғни, бұл қаражаттың дені жолды қайта жаңғыртуға жұмсалмақ.
– Дегенмен су тасқыны салдарынан зардап шеккен жол учаскелерін қалпына келтіру үшін 36 жобаға бөлінген жалпы қаражаттың 50 пайызы, яғни 9,8 миллиард теңгесіне секвестрлеу жасалып жатыр. Секвестрлеу нәтижесінде жоспарланып отырған жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық үлесі 77 пайызға төмендейтін болады, – деді басқарма басшысы Айбек Қайыр.
Биыл көктемгі су тасқыны кезінде Ақтөбеде республикалық Қандыағаш–Ембі–Шалқар–Ырғыз, облыстық Ойыл–Қобда бағытындағы және Ойыл ауылына кіреберіс жолдағы көпірлердің балкалары мен аралық құрылымдары зақымдалған болатын. Сондай-ақ облыстың Әйтеке би ауданындағы Әйке, Мұғалжар ауданындағы Басшилі және Темір ауданындағы Жамбыл елді мекендерінің кіреберіс жолдарын су шайып кетті.
Жол салуда мәселе жоқ…
Бүгінде республикалық жолдар бойынша халықтың басты назарындағы Ақтөбе–Хромтау–Ұлғайсын жолының 791-819 шақырым учаскесінде «Сине Мидас Строй» компаниясы жұмыс істеп жатыр. Аталған компания қазіргі бар жолдың көне қабатын алу үшін фрезерлеу жұмыстарын бастады. Сонымен қатар Ақтөбе қаласының аумағынан бастап Хромтау қаласына дейін «Ербол-Эль» компаниясы 20 шақырым жағдайы нашар асфальт жабындысына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, құрылысы созылған Ақтөбе–Қандыағаш жолы биыл іске қосылмақ. Ақтөбе–Астрахань тас жолының учаскесі – Ақтөбе–Қандыағаш бағытындағы жолды салуда ешқандай кедергі жоқ. Бүгінде барлық қаражат қарастырылған, проблемалық мәселер жоқ.
– Соңғы кездері әлеуметтік желілерде халықтың наразылығын тудыратын Қандыағаш–Ембі–Шалқар–Ырғыз бағытындағы тас жолдың 85 шақырымына биыл жөндеу жұмыстары жүргізіледі.Орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2,5 миллиард теңге қаражат қарастырылды. Сондай-ақ қосымша Еуразиялық даму банкінен жобаларды аяқтау үшін қаражат бөліну жоспарлануда, – дейді Айбек Қайыр.
106 карьер, 160 сынақ
Астанадан келген жолшы-ғалымдар облыстың бірқатар карьерінде болып, ондағы қиыршық тас өндіретін зауыттарды аралап, өнім сапасымен танысып жүр. Қазақстан Жол ғылыми-зерттеу институтының Жол құрылыс материалдары және жаңа технологиялар департаментінің директоры Мейрамгүл Қабдығалиева жолшы-ғалымдардың бұл жұмыспен өткен жылдан бері айналысып жатқанын айтты. Мақсат – жол құрылысына қатысты материалдардың сапасын зерттеп-зерделеу. Оның айтуынша, департамент 14 бағыт бойынша жұмыс істейді. Соның бірі – жол құрылысында жаңа материалдар мен технологияларды апробациялау және енгізу.
Жолшы-ғалымдар берген мәліметке сүйенсек, елімізде 842 карьер бар. Былтыр олар 8 аймақтағы 106 карьерде болып, ондағы жұмыстармен танысқан. Нәтижесінде, 160 жол-құрылыс материалына зертханалық сынақ, яғни физика-механикалық және радиоактивтілік көрсеткіштеріне байланысты зерттеу жүргізіпті. Ал биыл қалған 9 аймақта карьерлерді тексеріп жатыр.
Ұсақ тас, берік бетон, бірыңғай база
Ақтөбеде жол құрылысына қажетті материалдар өндіретін 86 карьер бар. Соның бірі – Оңтүстік-Ақшат карьері. Бүгінде құрылысы қызу жүргізіліп жатқан Ақтөбе–Қандыағаш тас жолының құрылысына жауапты екі мердігер компанияның бірі – жергілікті «Ассана ДорСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы карьерде қиыршықтас өндіреді. Жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары осы карьерде болып, өнім сапасын зерттеуге кірісті. Ол үшін олар фракциясы ұсақ, яғни 5-20 миллиметр болатын қиыршықтасты карьер басынан алып, кәсіпорын зертханасына апарады. Бұл жерде зерттеу жұмыстарына дейін қабылданған материал мұқият тексеріліп, құрамындағы жол сапасына кері әсер ететін заттардан тазартылады. Зертхана мамандарының айтуынша, мұнда жеткізілетін материалдың жарамсыз немесе сапасының төмен болуы өте сирек кездесетін жағдай. Зерттеу жұмыстары айлап жүргізілетін көрінеді. Ең бастысы – фракциясы өте ұсақ тас асфальт-бетон қоспасын дайындауда таптырмайтын шикізат. Зертхана мамандарының айтуынша, ұсақ тас бетон төзімділігі мен беріктігін де қамтамасыз етеді.
Мейрамгүл Қабдығалиеваның айтуынша, зерттеу нәтижесі белгілі болғаннан кейін өнім «Жаңа технологиялар және жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасына» енгізіледі. Мұндай цифрлық платформа елімізде былтыр әзірленген. Мамандардың айтуынша, бұл базадан (карьерлер, зауыттар), инновациялық технологиялар тізімін табуға болады. Департамент директоры аталған жүйеге қазір асфальт-бетон зауыттары мен аккредиттелген зертханалар, жол қозғалысы қауіпсіздігінің техникалық құралдарының тізімі де енгізіліп жатқанын айтты.
Облыста жол құрылысы маусымы басталарда құрылыс материалдарына қажеттілік бойынша талдау жұмыстары да жүргізілген. Айбек Қайырдың айтуынша, 889,7 шақырым жөнделетін жолға 66,3 мың тонна битум, 1,4 млн тонна қиыршықтас, 255,6 мың тонна құм және 14,9 мың тонна цемент қажеттілігі анықталған. Қазір облыс аумағында 9 битум сақтайтын мекеме бар. Оның жалпы сыйымдылығы – 29,5 мың тонна.
Айару СЕРІК,
Ақтөбе облысы
https://turkystan.kz/article/244015-a-t-be-zholdaryny-sapaly-salynuyna-alymdar-da-atsalysady