«Ақша мен тамақ талап етіп ұрып-соққан»: Қазақстандық әйел ұлының спорт мектебінде буллингке ұшырағанын айтты

Материалға сілтемені көшіру
буллингКоллаж stan.kz

Петропавл тұрғыны Олимпиадалық резервтегі спорт-интернатта оқитын ұлына қатысты буллинг пен қысым көрсету жайлы шағымданды. Айтуынша, 7-сыныптағы баласын жоғары сынып оқушылары қорқытып, ақша мен тамақ талап еткен, тіпті ұрып-соққан. Бала үйге қайтқысы келіп, отбасымен сөйлесуден қашқақтай бастаған соң анасы мән-жайды анықтаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әйелдің айтуынша, балалар арасында «басшы» бар, бәрі соған бағынады. Ол бұл жағдайды «таза қылмыстық топ” деп атап, кінәлілердің қылмыстық жауапқа тартылуын талап ететінін мәлімдеді.

Мектеп ішінде қызметтік тексеріс жүргізіліп, ал полиция тексеру жұмыстарын бастады. Әзірге ресми түрде буллинг, қысым немесе қорқыту дәлелденбеген, бірақ жасөспірімдер арасындағы төбелес болғаны расталды. Мектепке балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін әкімшілік хаттама толтырылған.

Бұл оқиға — спорт мектебіндегі алғашқы жанжал емес. Қазір жағдайды Бала құқықтарын қорғау комитеті бақылауға алды. Психологиялық көмек көрсету үшін мамандар мен омбудсмен баланың отбасымен жұмыс істеуге жіберілген. Сонымен қатар Министрлік пен жергілікті әкімдікке тиісті шаралар қабылдау үшін хат жолданған.

Комитет төрағасының тапсырмасымен кәмелетке толмаған жасөспірімге және оның отбасына көмек көрсету, жағдайды жан-жақты зерделеу мақсатында Психологиялық қолдау орталығының мамандары өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп оқиға орнына жіберілген.

“Сонымен қатар, құзыреті аясында шара қабылдау үшін Туризм және спорт министрлігіне, бақылауды қамтамасыз ету үшін облыс әкімдігіне және кейінгі мониторинг жүргізу үшін өңірлік уәкілге тиісті хаттар жолданды”, — делінген ақпаратта.

Comments (0)
Add Comment