Ақкөл ауылы ажарлана түседі

Бұлай деп айтуға негіз де жоқ емес. Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде ауылдық округтің әкімі Ж.Ратаев әлеуметтік-экономикалық дамуы, келер жылдарға араналған жобалар туралы баяндады. Оның айтуынша, ауылдық округтегі Ақ отау, Ойық, М.Әуезов, Д.Қонаев және Еңбек ерлері көшелерін абаттандыру мен жаяу жүргіншілер жолын жөндеуге тиісті қаражат қарастырылған. Бұдан бөлек, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақ Отау көшесі мен қос мектепке баратын жаяу жүргіншілер жолына орта жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
— Ауылымыздағы үлкен футбол алаңына демеушілер көмегімен газон төселіп, жарық шамдары орнатылды. Сондай-ақ, жазғы күрес алаңының шатыры ауыстырылды. Бұдан бөлек, елді мекендегі жаңа мешіттің құрылысы сәтті жүргізілуде. Бүгінде ауыл тұрғындарының бастамасымен мешіттің қоршауын ауыстыру және мешіт аумағын абаттандыру қолға алынды. Ал, «Жомарт түлек» жобасы аясында мектеп түлектерінің демеушілігімен 2 отбасына баспана кілті табысталса, Ақкөл орта мектебінің ауласына екі самалжай орнатылды, — деді Ж.Ратаев.
Сондай-ақ, спикер ауылдық округ бойынша мал басы санында өсім бар екенін атап өтті. Сөзінше, алдағы уақытта мал басын асылдандыруға күш салынбақ. Мәселен, өткен жылы 5 шаруақожалық ал, биыл 7 шаруақожалық мал басын асылдандыру жұмыстарымен айналысуда екен. Қорыта айтқанда, уақытында аудан орталығы болған ауыл халқының бүгінде түтіні түзу, тұрмысы түзелген. Келешекте де айшықты жұмыстардың нәтижесінде Ақкөл ауылы ажарлана түсетіні анық.