Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиында облыстың 2026 жылғы қаңтар айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру мәселелері қаралды. Отырысқа облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Қала және аудан әкімдері бейнережимде қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Ақбота Тұңғышханқызы және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Марат Аленов баяндады.
Аймақ басшысы бұл үрдісті жалғастыру үшін жүйелі жұмыс пен қатаң бақылау қажет екенін атап өтті.
«Өткен жылы облыстың бірқатар экономикалық көрсеткіштері бойынша оң өсім қамтамасыз етілді. Бұл оң үрдісті осы жылы жалғастыру үшін ұйымдасқан жұмыс және қатаң қадағалау шаралары күнделікті атқарылуы қажет. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент тарапынан өңірлерге экономиканы әртараптандыру, сапалы инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыруды жеделдету, әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыру және бюджет қаражатын тиімді пайдалану туралы тапсырмалар берілді. Осы міндеттерді орындау – баршамыздың басты мақсатымыз», – деді облыс әкімі.
«Өткен аптада облыста «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасын іске асыруды бастадық. Бұл жобаның басты мақсаты – ауылдық жерлердің тыныс-тіршілігін жаңғырту, кадрлық әлеуетін күшейту. Жоба аясында ауыл тұрғындарын тұрақтандыру және қаладан ауылға қоныс аударушыларды тарту арқылы демографиялық тепе-теңдікті сақтау, ауылдық елді мекендердегі кадр тапшылығын азайту көзделген. Осы ретте жұмыспен қамтудың өңірлік картасын сапалы орындауға әрбір әкім жіті көңіл бөлуі қажет. Сонымен қатар, жай жұмыс орындарын құрып қана қоймай, жұмыс орындарының тұрақты болуын және жұмысшыларға қолайлы жағдайлардың жасалуын қатаң бақылауы тиіс», – деді Берік Уәли.