«AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» атты 2023-2027 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында әзірленген Жол картасының 34-тармағында мектеп мәселесі қарастырылған. Жоспар бойынша ағымдағы жылы 7 мектеп және қосымша 2 ғимарат пайдалануға берілмек. Жол картасында белгіленген мектептердің бірі – Сайрам елдімекенінде орналасқан.
Бүгін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілген білім ордасының ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Е.Бейсенбаев, қалалық партия филиалының төрағасы Б.Нарымбетов, Мәжіліс депутаты Д.Исабеков, мәслихат депутаттары, Қ.Имашев, Л.Сулайманов, қалалық партия филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Е.Айтбаев қатысты.
«Жыл сайын елімізде бірінші сынып табалдырығын аттайтын балалар саны артып келеді. Сөз жоқ, бұл өте жақсы үрдіс, алайда бірқатар өңірде осы балаларды мектепке сыйдыра алмай келеміз. «AMANAT» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында мектеп тапшылығы мәселесін шешуді қарастырған. Жергілікті мәслихаттағы «AMANAT» фракциясының депутаттары халыққа берген осынау уәделердің уақтылы әрі сапалы орындалуын өз бақылауына алды», – деді Е.Бейсенбаев.
Айта кетейік, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы білім ордасы толықтай жеке инвестор арқылы салынған. Мектеп құрылтайшысы бастауыш сынып оқушыларын 100% тегін тамақпен, үлкен сыныптың үздік оқушыларын стипендиямен қамтамасыз ететінін айтты. Сондай-ақ мектеп ғимараты соңғы үлгідегі материалды-техникалық базамен қамтамасыз етіліп, оқушылар үшін бассейнге дейін қарастырылған.
https://turkystan.kz/article/231011-ahmet-baytursynuly-atyndagy-mekteptin-ashyluy-otti/