Ақбұлымдағы айтулы сәт

Жамбыл ауданында барлығы 16 мемлекеттік балабақша мен 3 бөбекжай 20 шағын орталық бар. Астана қаласының 20 жылдығы мерекесі қарсаңында олардың саны тағы да бір бөбекжайға артты. Нақты айтқанда, Ақбұлым ауылында мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы бойынша 50 орындық «Зерде» бөбекжайы ашылды. Мұнда енді 2-5 жас аралығындағы бүлдіршіндер тәрбиеленетін болады. Мәлімет бойынша осы нысанның ашылуы арқылы кезекте тұрған балалардың саны 100-ге төмендеген. Бұл аудан бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде пайдалануға беріліп отырған үшінші бөбекжай. –Жаңа Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай ақбұлымдықтарға тартылған сый. Жалпы, аудан бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салынған балабақшаларда 2 мың 565 бала тәрбиеленуде. Жыл аяғына дейін Қызылқайнар ауылында жаңадан салынып жатқан 200 орындық және аудан орталығында 75 орындық екі балабақшаның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Осы балабақшалалар іске кіріссе, мектепке дейінгі мекемемен қамтылған балалар саны 94 пайызды құрайды. Аталған бағдарлама 2020 жылға дейін жалғасын таба беретін болады, – деді бөбекжайдың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Бақыт Қазанбасов. Бұдан кейін аудан әкімі мен облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енген Сембек Сейдәзімовке жаңа нысанның лентасын қию мәртебесі табысталды. Бөбекжайдың ашылуына бірден-бір себепші болған меңгеруші Бағдагүл Әбиеваның айтуынша, нысан құрылысына 20 миллион теңге жұмсалыпты. Мұнда 15 қызметкер жұмыс жасайды. Ата-аналардың әр бала үшін төлейтін ақысы 10 мың теңге. Аудан басшылығы алдағы уақытта мектеп жасына дейінгі балаларды 100 пайыз балабақшамен қамтуды жоспарлап отыр.

Comments (0)
Add Comment