Жангелдин ауылында болған жантүршігерлік қылмысқа қатысты жаңа деректер белгілі болуда. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев өткен жылдың мамыр айында балдызы Наурызды пышақтап өлтірген.
Тергеу нұсқасы бойынша, арада шамамен алты ай өткен соң, қараша айында күдікті отбасының тағы үш мүшесін — ата-енесі мен Мирамкүлді өлтірген. Аталған оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, көпшіліктің жағасын ұстатты.
Қазіргі таңда Ақбаян Мұқанғалиева Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы мамандарының бақылауында. Жақындарының айтуынша, ол өзіне тамақ апарған адамдардан ата-анасының жағдайын сұрап, Наурызды іздеумен болады екен.
Сондай-ақ тараған ақпаратқа сәйкес, Ақбаян төрт баласын ғана есінде сақтап, бесінші баласын дүниеге әкелгенін білмейді. Бұл жағдай желі қолданушыларын бейжай қалдырмай, көпшілік тарапынан ауыр трагедия ретінде бағалануда.
фото: Ашық дерек