Ақ халатты абзал жандар

Аудандық орталық ауруханада халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан перзентхана бөлімін 13 жылдан бері жоғары дәрежелі акушер-гинеколог, білікті дәрігер Гүлнар Спатова басқарады. Аталған бөлім 20 төсекке жабдықталған болса, оның 15-і босанған әйелдерге арналған, ал бесеуі жүкті әйелдер патологиясы үшін қызмет көрсетеді.
Бөлімдегі 2 дәрігер, 5 акушерка, 5 мейірбике, 10 кіші мейірбикелердің барлығы да өз жұмыстарын жақсы білетін мамандар. Олар өз істеріне жете көңіл бөліп, аналар мен балаларға барынша көмек беріп, бақыт сыйлауда.
-Біздің бөлімде регионализацияға сай уақыты 37 аптадан асқан жүкті әйелдер босанады. Ал кейбір жағдайда 1-2 тыртығы бар жүкті әйелдер ота жолымен босанып жатады. Перзентхана бөлімі босанушы әйелдерге жедел және жоспарлы түрде көмек көрсетуге арналып жабдықталғанын айта кеткенім орынды болар. Осындай жасалынған жақсы жағдайдың арқасында жүкті әйелдердің босану процесі көп жағдайда жеңіл өтеді. Ал жаңа туған жас сәбиге деген қамқорлық ерекше жасалады,-дейді бөлім басшысы Гүлнар Амангелдіқызы.
Биылғы жылдан бастап бөлімде тәулік бойы акушер-гинекологтардың кезекшілігі ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ жүкті әйелдерге облыс орталығындағыдай біздің аудандық ауруханада да көмек көрсетіле бастады. Бұл жерде осындай тың әдісті қолға алып, оны ұйымдастырып отырған аурухананың жаңадан тағайындалған бас дәрігері Жандос Рысқұловтың еңбегі ерекше екенін де айта кеткеніміз жөн.
Жандос Ордабайұлы ұйымдастырушылық қабілеті жоғары тек іскер басшы ғана емес, облыстың бас хирургі екенінде білеміз. Ол ауруханадағы барлық ауыр жағдайдағы науқастарға күрделі ота жасауға үнемі өзі қатысады. Соның арқасында ота өз дәрежесінде өтіп, науқастар тез арада сауығып, отбасыларымен аман-есен қауышуда.
Ширек ғасырға жуық медицина саласында адам жанының арашашысы болып келе жатқан ақ халатты абзал жан Гүлнар Спатова басқаратын бөлімде өзінің адал еңбегі арқасында халықтың ыстық ілтипатына бөленіп жүрген мамандар аз емес. Олардың қатарында осы салада ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан аға акушерка Балнұр Қазтаева және Гүлнар Тоғызбаева, Оксана Шажалиева, Латипа Андабекова, Гүлжан Құрманова, Набира Шотанова тәрізді акушеркаларды ерекше атап өтуге болады. Олар өз қызметтерін жоғары деңгейде атқаруларымен бірге осында қабылданған жас мамандарға өз тәжірибиелерімен бөлісіп отырады. Сол сияқты медбикелер Зухра Қабылбекова мен Жазира Алиева да өз істерінің үздік мамандары. Сондықтанда олар үнемі бөлімге түскен аналармен жас сәбилерді уақытылы қарап, аналардың алғыстарын алып жүрген жандар.
Гүлнар Амангелдіқызы басқаратын ынтымағы жарасқан ұжым мүшелерін алдағы Медицина қызметкерлері күні кәсіби мерекелерімен құттықтап, алдағы уақытта да дені сау аналардан дені сау сәбилерді өмірге әкелулеріне үлестерін қоса берулеріне тілектеспіз.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Сарыкемер ауылы.

Comments (0)
Add Comment