АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАН АЛҒЫС БІЛДІРДІ

Адам жанына араша болар аса қастерлі мамандықтардың бірі — дәрігер десек қателеспейміз. Бүгінде қоғамда ақ халатты абзал жандарға деген құрмет әрдайым жоғары тұрады. Ауданымызда медицина саласына сүбелі үлес қосып, елеулі еңбек сіңірген жандардың бірі — Зина Аймағанбетова.
Бүгін аудан әкімі Сәкен Мамытов абыройлы қызмет етіп, мерейлі 70 жасқа толып отырған Зина Төленқызының шаңырағында болып, құрмет иесін мерейтойымен шын жүректен құттықтады. Ауданымызға белгілі дәрігерге ұзақ ғұмыр тілеген аудан басшысы «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тағып, сый-сияпат жасады. Аудан әкімімен бірге Саудакент ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Арқабай Төлмағанбетов, медицина саласының ардагері, қалалық алқабилер кеңесінің төрағасы Сағынбек Бегеев пен аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Айнұр Каликова да бірге барды.
Зина Аймағанбетова 1955 жылғы 2 қазанда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Саудакент ауылында дүниеге келген. Сарысу мен Мойынқұм аудандарында орта білімді ойдағыдай аяқтап шығады.
Болашақ дәрігер еңбек жолын Қазақстанның 40 жылдығы атындағы мектебінде аға вожатый болып бастады. Сол аралықтарда Мәскеу Мемлекеттік Университетінде (МГУ) сырттай дайындық курсын ойдағыдай аяқтайды. 1973 жылы Алматы қаласындағы Ұлттық Медицина институтына оқуға түсіп, 1979 жылы жоғарғы оқу орнын бітіріп, дәрігер-хирург атағын алды.
Дәрігерлік алғашқы қадамын 1980-1983 жылдары Тараз қалалық ауруханасында хирург болып бастады. Әр жылдары түрлі қызметтерді атқарып, медицинаның қыр — сырын меңгерді. 2001 жылдан 2024 жылға дейін осы ұйымда жоғары санатты дәрігер инфекционист болып жұмыс атқарған Зина апа бүгінгі күнге дейін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында халыққа қызмет етіп жүр.
Еткен елеулі еңбегі еленіп, 2020 жылы ҚР Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен «Шапағат» мемлекеттік медалімен марапатталды. 2022 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен сондай — ақ, министрліктің, облыс пен аудан басшылығының грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталады.
Бүгінде отбасында 3 бала тәрбиелеп өсіріп, олардан немере — шөбере сүйіп отырған ардақты әже басты байлық — денсаулық екенін әркез айтып келеді. Өз кезегінде Зина апамыз мерейлі жаста құттықтап келген аудан басшылығына ризашылығын білдіріп, аналық ақ батасын берді.
Comments (0)
Add Comment