Агрокеңістіктегі жаңашылдық жан жадыратады

Жуалы ауданында жыл санап жылыжаймен айналысатын жандардың саны артып келеді. Жылыжай көрші Түркістан облысында, әсіресе Шымкентте жақсы дамыған. Себебі, Шымкент қаласының табиғаты бұл кәсіппен айналысуға қолайлы болып тұр. Біздің бірқатар жуалылықтар да тәуекелге бел буып, жылыжай салып, бүгінде кәсібінің нәсібін көруде. Біздегі жылыжайлар әзірге көктем, жаз, күз мезгілдерінда ғана жұмыс істейді.
Жуырда ауданға жасаған сапарымызда Бәйтерек ауылындағы екі жылыжайға ат басын бұрып, тыныс-тіршілігімен таныстық. Бірінші барған жылыжайымыздың иесі Ермекбай Шынтаевтың бұл кәсіппен айналысқанына үш жыл болыпты. Диқанның тәжірибесі көрініп тұр. Жаңа еккен тәтті бұрыштарының кейбірі жеміс салып та үлгеріпті.
Ермекбай аға жылыжайын өз қаржысына салған. Жұмысты бастағанда құрылысына шамамен бір миллион теңге жұмсалды дейді. Жылыжайының көлемі үш соттық екен.
Жылыжайдың жұмысымен танысу үшін ішке кірдік. Іші қазірдің өзінде өте ыстық. Қимылдап тірлік істемей-ақ қарап тұрып қара терге малынасың. Наурыз айының 20-сынан кейін отырғызған көшеттері әжептәуір бой көтеріп, гүлдеп, тіпті алды жеміс салып қалыпты.
-Тәтті бұрыштың биыл жаңа “Лото” деген сортын ектік. Шымкенттіктер былтыр сынақтан өткізіпті. Жақсы жеміс берген екен.
Ал, жеріміздің жартысына қияр ектік. Егілген көкөністер тамшылатып суғарылады. Суды құдықтан алып, бөшкелерге құйып қоямыз. Жылыған соң барып суарамыз. Жылыжайдағы көкөністер өте нәзік келеді. Сондықтан күтімді де ерекше қажет етеді.
Жылыжай – отбасылық кәсібіміз. Мұнда балаларымызбен наурыз айынан бастап қара күзге дейін жұмыс істейміз.
Тәтті бұрышты бір маусымда бір рет егеміз. Әрі қарай күтіп-баптап үзбей жемісін аламыз. Ал, қиярды екі рет егеміз. Жазда көктемде екен қиярымыз таусылып, қайта отырғызамыз. Ол қазан айының соңына дейін өнім береді. Қиярдың көшетін алдын ала стаканға ортырғызып, өсіріп дайындап аламыз. Жылыжайда егілетін көкөністердің сорты басқаша болады.
Жылыжайда жеті-сегіз жылда бір рет топырағын ауыстырып тұрамыз. Ал, жыл сайын топырақ құнарлы болуы үшін үш-төрт жылдық қойдың қиын топыраққа себеміз. Сонымен қоса тамыры, жапырақтары арқылы нәрлендіру, өсімдік ауруларының алдын алу үшін түрлі тыңайтқыштар, дәрі-дәрмектер береміз. Оның үстіне жылыжайдың іші ыстық болғандықтан, мұнда зиянкестер де көп болады.
Жылыжайда еңбек ету оңай емес, жазда дала ыстық болса, мұның іші тіптен ыстық. Сондықтан таңертең сағат алтыдан тоғызға дейін, сосын кешкі уақытта ғана кіріп жұмыс істей аламыз. Басқа уақытта мұнда кіру мүмкін емес. Жұмысы әрине көп. Бірақ табысы да жаман емес,- дейді Ермекбай аға.
Диқан алдымен Шымкентте жылыжайда бір жылдай еңбек етіпті. Еңбек ете жүріп, кәсіптің қыр-сырын үйреніп, өзі де жылыжай ашуға бел байлаған.
Ермекбай ағаның алты бала-шағасы бар. Алынғы ұл-қызы отбасын құрған. Кейінгілері студент, оқушы. Отбасылық кәсіпке үйдегі отбасы мүшелері жұмылып, үлес қосуда.

Comments (0)
Add Comment